Өзектi

ҚР Қарулы күштері қазақстандық ғалымдардың жаңалықтарын пайдаланатын болады

04.12.2015

5859

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери ғалымдары талантты отандық өнер тапқыштарға қолдау көрсетеді, деп хабарлады ҚР ҚМ баспасөз қызметі.
Ұлттық қорғаныс университетінің Ғылыми-зерттеу институтында Әскери ғылым академиясы аясында әскери-техникалық бірлестік жұмыс жасауда. «Аталған бірлестік ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің субъектілерін, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінің мүддесін таныстыру үшін зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген жеке тұлғаларды біріктіреді», - деді ҰҚУ ҒЗИ ғылыми-тәжірибе бөлімінің бастығы подполковник Теміржан Қарбаев.

Осылайша, қазақстандық армияның игі істерімен айналысып жүрген отандық ғалымдар, өнер тапқыштар, ерекше ғылыми жұмыстардың авторлары өз жобаларын жүзеге асыруға және оны Қарулы күштер игілігі үшін ендіруге мүмкіндігі бар. Бұл үшін зерттеуші өз жобасын алып ҰҚУ Ғылыми-зерттеу институтына баруы қажет. Содан кейін бұл зерттеу жұмыстары, оның нақты қажеттілігі туралы тиісті әскерлерге, армияға сұраныс жіберіледі. Егер ғылыми жұмыс Қарулы күштерге шынайы пайдалы деп танылса, автор жобаны сынақтан өткізу үшін оның техникалық сипаттамасы мен тәжірибелік үлгісін ұсынады. Сынақтардың нәтижесі бойынша өнім көпшілікке таныстырылып, жұмысты одан әрі өндіріске енгізу мүмкіндігі қарастырылады.

ҰҚУ Ғылыми-зерттеу институты - зерттеушілер мен Қарулы күштердің арасын байланыстырушы ұйым. Осындай ынтымақтастық еліміздегі ғалымдардың зерттеу жұмыстарына және жалпы әскери ғылымның дамуына оң ықпал етеді. Сонымен қатар осы бастама қазақстандық талантты өнер тапқыштарға көрсетілетін ерекше қолдау болып табылады.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар