Өзектi

Қазақстанның үздік жас ғалымына 7,5 млн. теңге тапсырылады

29.09.2015

5447

Қазақстанда Жалпыұлттық инновациялар байқауы басталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз қызметінде мәлім болды.
Атап айтқанда, Инвестициялар және даму министрлігі байқауды бес аталым бойынша өткізу шешімін қабылдады. Бүгіннен басталған осы байқау «Оқушылар арасындағы үздік жоба», «Үздік жас ғалым», «Жылдың үздік өнертапқыштық шешімі», «Кәсіпорында өнертапқыштықты қолдаудың үздік жүйесі», «Инновациялық тақырыптағы үздік тілші материалы» аталымдары аясында ұйымдастырылады.

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Жұматай Сәлімовтің сөзіне қарағанда, Қазақстандағы Британдық кеңеспен бірге балалардың үздік инновациялық жобалары іріктелінеді. Сонымен қатар аталған кеңестің қолдауымен Лондондағы FameLab байқауының гранд финалында еліміздің намысын қорғайтын үздік жас ғалым анықталады.

Сонымен, «Оқушылар арасындағы үздік жоба» аталымына орта мектептердің 5-11 сынып оқушылары мен колледждердің 1 және 2 курс студенттері қатыса алады. Өтінімдерді қабылдау 22 қарашаға дейін жалғасады, ал байқаудың ақтық сыны Астанада 11 желтоқсанда өткізіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ұлыбританияға білімдерін жетілдіру сапарымен барады.

«Үздік жас ғалым» аталымында жеңімпаз деп танылған 7 500 000 теңгені құрайтын бас жүлдені алатын болады, сондай-ақ 2-ші мен 3-ші орынды иеленгендерге, сәйкесінше, 2 500 000 және 1 500 000 теңге тапсыралады. Мұнымен қоса жүлде қорына Ұлыбританияға бару үшін визалық қолдау көрсету үшін және ұшып бару жолақысы кіреді. Байқаудың финалы елордада 11 қарашада өтеді.

Бұдан бөлек, «Жылдың үздік өнертапқыштық шешімі» атылымында бірінші орынға - 2 500 000 теңге, екінші орынға - 1 500 000 теңге, ал үшінші орынға - 1 000 000 теңге көлемінде жүлде қоры қарастырылған.

БАҚ өкілдері арасында инновация тақырыбындағы үздік материалдар «Мерзімдік басылымдағы үздік материал», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік телевизиялық сюжет», «Үздік интернет-материал/үздік блогер» аталымдары аясында іріктелінеді. Қатысуға өтінімдер қабылдау 25 қазанға дейін жалғасады. Бас жүлдені иеленген журналистке 1 млн. теңге тапсырылады.

Қатысушылардың өтінімдері «ТДҰА» АҚ-ның (natd.gov.kz) ресми сайтына онлайн қабылданады.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар