Өзектi

Нұрсұлтан Назарбаев ғарыштан оралған Айдын Айымбетовті құттықтады

14.09.2015

5741

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажын миссияларын орындауымен құттықтады.
«Біз баршамыз сіздердің аман-есен оралғандарыңызды тіледік. Әрине, барлық Қазақстан халқы біздің үшінші ғарышкеріміз Айдынның сәтті оралуын күтті. Байқоңыр ғарыш айлағының мерейтойлы жылында бұл өте айрықша мәні бар оқиға. 1960 жылы әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып саналатын «Байқоңырдың» құрылысы басталды. Дәл осы жерден адам жердің тартылыс күшін еңсеріп, алғашқы жер серігі, бірінші адам ғарышқа ұшты. Содан бері біз «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарышқа ұшқан адамдардың барлығын өзіміздің жерлестеріміздей қабылдаймыз. Ғарышкерлердің аман-есен оралуына сіздермен бірге қуанып, жылы қабылдаймыз», - деді Президент.

Елбасы бүгінде әлемде екі жүз мемлекет бар екенін, алайда олардың басым бөлігінің ғарышкерлерін ұшыруға мүмкіндіктері жоқ екенін атап өтті.

«Бұндай мүмкіндігі бар елдер сирек және біз осы мемлекеттердің арасындамыз. Роскосмостың қолдауы арқылы ғарышкерлерді оқытып, ұшырдық. Бірінші ғарышкеріміз - Тоқтар, екіншісі - Талғат, үшіншісі - Айдын. Біз өте қуаныштымыз. Осы орайда баршаларыңызды Жерге оралуларыңызбен құттықтаймыз», - деп түйіндеді Н. Назарбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін таңертең Геннадий Падалка (Ресейғарыш), қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, сондай-ақ Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен Қазақстанда есептелген аудан маңына аман-есен қонды. Жоспар бойынша 06:51-де Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 146 км қашықтықта Жерге сәтті қонған ғарышкерлер Астанаға салтанатты қарсы алу шарасына жеткізілді.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар