Өзектi

Биыл әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықты иеленген әр жобаға 18,6 млн. теңге беріледі

04.06.2015

5368

Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын тағайындау бойынша комиссияның бірінші отырысы өтті.
«Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық биыл тұңғыш рет берілмек. Сараптау барысында іргелі ғылыми зерттеулермен қатар, уақыт талабына сәйкес инновацияның ең үздік үлгілерін басты назарға алатын боламыз», - деді Мемлекеттік хатшы.

Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен биылғы қаңтарда тағайындалды. Ол үздік ғылыми зерттеулер мен енгізілетін инновациялар үшін тапсырылатын болады.

«Ережеге сәйкес, екі жылда бір рет 7 Мемлекеттік сыйлық тағайындалады. Биыл бір сыйлықтың сомасы 18,6 млн. теңгені құрайды. Аталған шаралар ғалымдар еңбегін және олардың ғылымға қосқан шынайы үлесін ынталандыруға, ғылымды қажетсінетін экономиканы дамытуға бағытталған», - деді ол.

Г.Әбдіқалықова өз сөзінде Елбасы ұсынған бес институционалдық реформа және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әр қадамы заманауи қазақстандық қоғамның іргесі мен зияткерлік әлеуеті болатын білім және үздік технологиялар тірегін болжайтынын атап өтті. Осы орайда Мемлекеттік хатшы Ұлт жоспарын іске асыруда отандық ғылыми техника зиялыларының қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жоғары технологиялық экономикалық өсу мен адами капиталды дамытуда басты рөл атқаратынын атап өтті.

Белгілі болғандай, биыл Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын тағайындау бойынша комиссияның қарауына 26 жұмыс ұсынылды. Отырыс барысында оны тағайындауға ұсынылған жұмыстар бойынша мемлекеттік сараптама қорытындылары мен талдау нәтижелері қарастырылды. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша сыйлықты тағайындауға алдын ала іріктеуден өткен жұмыстар тізбесін бекіту туралы шешім қабылданды.

Дереккөзі: kazinform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар