Өзектi

Азаматтық бастамалар – басты назарда

20.04.2015

5814

Қазақстанның серпінді, өмір сапасы жоғары стандартты заманауи мемлекет ретінде дамуы адам әлеуетін, азаматтардың іскерлігін, азаматтық қоғамның одан әрі қалыптасуын белсенді ету негізінде ғана мүмкін болады. Отандық ғалымдардың азаматтық бастамалары туралы «Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академия­сы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірінші вице-президенті, академик Нұралы БЕКТҰРҒАНОВ әңгімелейді.


– Нұралы Сұлтанұлы, Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» пар­тиясының Төр­ағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев 2015 жылдың 11 нау­рызында пар­тияның XVI съезінде жаһандық сын-қатер­лерді баға­лай отырып, елдің азамат­тық қоғамдастығын қалып­тан тыс және күшті жауаптарды қалыптастыруға қатысуға шақыр­ғаны мәлім. Міне, осы тұр­ғыда әңгімеңізді өрбітсеңіз.
– Иә, бұл орайда Елбасы былай деп атап көрсетті: «Барлық дерлік мемлекеттер елеулі геосаяси және экономикалық сын-қатерлерді бастан өткеруде. Жа­­һандық сын-қатерлер мен тәуе­келдердің тереңдігі сондай, ол әр мем­лекеттің тұрақтылығы мен табыстылығын сынаққа салады. Біздің мемлекеттілігіміздің ауқым­ды сын-қатерлеріне қалыптан тыс және күшті жауап беру қажет. Бір орында тұруға болмайды. Өз табыс­тарымызды арқау етіп өзіміздің мем­­лекеттілігімізді нығайту үшін біз­­дің алға қарай қозғалуымыз керек». «Қазақстан ұлттық жаратылыс­тану ғылымдары академиясы» республикалық қоғам­дық бір­лестігі ғылым саласындағы аза­мат­тық бірлестік бола отырып, өз міндеттерін жаһандық сын-қа­тер­лерге қалыптан тыс және күшті жауаптарды ғылыми-техникалық негіздеу деп біледі. Бүгінде әлемдік экономика ор­талығы «үлкен жетіліктен» Еура­зияға екпіндеп ауысуда. Мың­жылдық шегінде қалыптасқан тех­нологиялық үрдіс сатып алушыға бағытталған. Өйткені, Еуразияда Жер шары тұрғындарының жартысынан астамы, яғни тауар сатып алушылары тұрады.

Демек, таяу болашақтағы технологиялық көшбасшылық туралы шешім дәл осы Еуразия аума­ғында қабылда­натыны анық. Талдау мұның 2050 жылдан кешікпей болатынын көрсетті және дәл осы себепке байланысты елде бар алғышарттар негізінде болашақтың жаңа экономикалық шарттарына Қазақстанның лайықты кіруін қам­тамасыз етуге міндеттелген «Қа­зақ­­стан-2050» Стратегиясы қабыл­данды. Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан Қазақстанның тран­зиттік әлеуеті мұндай алғы­шарт­­тардың бірі болып табылады. «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Көліктік инфра­құрылым – бұл біздің индустриялық экономикамыз бен қоғамымыздың қантамыр жүйесі. Қазақстан үшін қатынас жолдары оның Еуропа мен Азия, Солтүстік пен Оңтүстік арасында орналасуына байланысты маңызды мәнге ие. Ақтау портының қуаттылығын арттыру қажет» деп атап айтылған. Бұл бағытты ғылыми негіздеу мақсатында академия ғалымдары «Қазақстан аумағы арқылы өтетін Еуразиялық транзиттің мейлінше мүмкін болатын нұсқаларын ғылы­ми-техникалық негіздеу» мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламасын әзірледі, осы кезде Каспий теңізінде, Қазақстанның әлемдік мұхитқа шығуын қамтамасыз етуге және ел аумағы арқылы өтетін Еуразиялық транзиттің су-көліктік әлеуетін мейлінше іске асыруға мүмкіндік беретін халықаралық теңіз хабын жасауды ғылыми-техникалық негіз­деу көзделген.

– Өте дұрыс шешім екен. Енді ол алдағы кезде қалайша жүзеге асырылмақ?

– Осы тұрғыда Қазақстанның, Ресейдің және Еуразияның басқа да елдерінің мүдделері үшін тран­зиттік әлеуетті кеңейту мақсатында «Еуразия «Каспий – Қара теңіз» каналының құрылысы туралы ұсы­нысты Қазақстан жоғары деңгейде бірнеше рет көтерді.

ҚазҰЖҒА ғалымдары аталмыш каналды, «Каспий-Парсы шы­ғанағы» Иран каналын және «Сібір – Азия» каналдарын ескере отырып, Қазақстан аумағы арқылы өтетін Еуразиялық су-көлік транзитінің мейлінше мүмкін болатын моделін жасауды жоспарлауда.

Бұл модельдің негізіне, Қазақ­стан мен Ресейдің ұқсас бастамаларымен бірге, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2014 жылдың қараша­сында Австралияда өткен G-20 саммитінде БРИКС елдеріне жүзеге асыруға ұсынған Қытайдың да «Бір белдеу, бір жол» бастамасын алу жоспарлануда. Бүгінгі күні БРИКС елдері Жер бетінің 30%-ын жайлайды, олардағы халық саны әлемдегі халық санының 42%-ын, ұлттық жалпы өнімі әлемдік ұлттық өнімнің 18%-ын құрайды, әлемдік сауданың 15%-ы оларға тиесілі. Үндістанның экономикалық өсу қарқыны Қытайдан да асып түседі. 2012 жылғы Үндістан экономикасы – бұл ІЖӨ бойынша АҚШ пен Қытайдан кейінгі әлемдегі 3-ші эко­номика, ал 2050 жылы ол АҚШ-пен екінші орынды бөлісе алатын болады. АҚШ әлемдік экономикадағы болмай қалмайтын бұл өзгерістерді алдын ала болжай отырып, Ауған­станды «Бір белдеу, бір жол» және «Жаңа Жібек жолы» бастама­ларының басты Еуразиялық көліктік хабы ретінде ұсынып, БРИКС елдеріне өз мүддесін мәжбүр­леп таңуда. Біздің ғалымдар да Еура­­зия­лық транзиттің жетекші көлік­тік хабы рөліне Қазақстанды қарастыруды ұсынады. Соңғы жылдары елде осы мақ­сатты іске асыру үшін көп жұмыс еңсерілді. 2014 жылы Ақтау порты арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі 10,3 млн. тоннаны құрады. Ақтау солтүстік теңіз терминалының құрылысы аяқталуда, ол порттың қуаттылығын 3 млн.тоннаға ұлғай­тады. 2015 жылдың маусымына «Қорғас – Шығыс қақпалары» ЕЭА құрғақ порты объектілері құры­лысының бірінші кезеңін аяқтау жоспарланған. «Достық-Алашаңқай» халық­аралық шекаралық өткелін дамыту бағдарламасы іске асырылуда, оның өткізу мүмкіндігі жыл сайын артып келеді, ал 2014 жылы жүк ағыны жылына 23 млн. тоннаға жетті. 2014 жылы Достық-Ақтау ту­ра теміржол қатынасын ашқан «Жезқазған-Бейнеу» учаскесі пайда­лануға берілді. Сол жылы Ақтау­дан Иранға дейінгі темір жолы қолданысқа енгізілді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының қазақстандық учаскесінің құрылысы аяқталуға жақын.

Ғалымдарымыз Қазақстанның Еуразиялық транзиттік хаб қана емес, Еуразиялық энергетикалық хаб болуына барлық мүмкіндігі бар екендігі идеясын негіздеуде. Дәл осы мақсатта Елбасы Қазақстанның барлық энергия көздерін, оның ішінде елімізде жеткілікті ғылыми әлеуеті және шикізат ресурсы бар атом энергиясы көздерін де кешенді да­мытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Көмірдің, газдың, мұнайдың және уранның қорлары шектеулі, және болашақта оларды пайдаланумен қатар электр энергиясын өндіру және сұйық отынды алу үшін дәстүрлі емес энергия көздерін – жанғыш тақтатасты, тұтқырлығы жоғары мұнайды, табиғи битумдарды, көмір қыртысының метанын, қоңыр көмірді және гидротермалды суларды, сондай-ақ газдандыру мен көмірді сығымдауды айналымға енгізу қажеттігі туындайтынын көр­сетеді. Елімізде мұндай энергия көздерінің мол қоры бар. Қазіргі уақытта дәстүрлі емес энергия көздерін – көмір қыр­тысының метанын, жанғыш тақта­тасты және басқаларды пайдалану технологиясын дамыту бойынша бірқатар мақсатты ғылыми-тех­никалық бағдарламаларды ұсынып отырмыз. Жекелей алғанда, мысал ретінде іске асырылып жатқан Қарағанды көмір бассейнінің Талдықұдық бөлімшесіндегі тік, көлбеу-көл­денеңге ауысатын ұңғыма бұрғы­лауының технологиялық регламенті әзірленетін «Қарағанды метаны» жобасын алуға болады. Ғалымдарымыз «ТалдықұдықГАЗ» ЖШС-мен бірлесе отырып жаңа технология бойынша алғашқы тәжірибелік газды алды және Энергетика минис­трлігімен бірлесіп Қарағанды көмір бассейнінің метанын барлау және өндіру жөніндегі жол картасын әзірледі. Ақмола облысы Ерейментау ауданының Сарыадыр көмір кен орнында ҚазҰЖҒА ғалымдары «Көмір химиясы және технология институты» ЖШС және «ОН-ОЛЖА» ЖШС-мен бірлесіп көмірді қайта өңдеу, оны газдандыру бойынша тәжірибелік-өнеркәсіптік кешеннің құрылысын жүргізуде. Оның құрамында көмір тозаңын брикеттеу, калий гуматтарын өндіру, электр және жылу энергиясын, биогазды өндіру, Фишер-Тропш синтезі арқылы дизель отынын синтездеу, Қазақстан көмірлерінен металдар құймаларын алу бойынша тәжірибелік-өнеркәсіптік учаскелерді құру көзделген. ЖЭЦ-те көмірді тікелей жаққан кезде п.ә.к. 43%, ал газданған көмірді жағу кезінде – 84%-ды құрайды. Бұл алаңда Қарағанды, Астана және елдің басқа ірі қалаларының ЖЭЦ-тері үшін көмірді газдандыру технологиясы жасалады.

– Ендеше, жұмыстарыңыз сәтті болсын дей отырып, басқа да ат­қаратын шаруаларыңыз тура­лы ой бөлісіп, кеңірек баян­дасаңыз.

– Мұнай қорлары жоқ Орталық Қазақстан үшін көмірден сұйық отын алу өзекті мәселе болып табылады. Осы мақсатта Сарыадыр көмір кен орнында көмірден тәулігіне 5 тн. сұйық отын алуға болатын шағын зауыттың құрылысы жүргізілуде. Бұл шағын зауытта Сарыадыр, Құсмұрын, Майкөбе, Қарағанды, Екібастұз және басқа кен орындары көмірлерін қол­дану технологиялары жасалады. Алы­натын сұйық отын сертификатталады. Алматы қаласында «ҚазСланец» энергия-технологиялық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Жер туралы ғылымдар, металлургия және кен-байыту орталығы» АҚ-тың тәжірибелік-көрсетпелік өндірісі аумағында қондырғыны монтаждауда, онда Кендірлік (ШҚО), Тұқсай, Қара Затон (БҚО) және басқа да кен орындарының жан­­ғыш тақтатастарын кешенді қайта өңдеу технологиялары жасалады.

Ғалымдарымыздың пікірінше, Қазақстан Еуразиялық су хабы да бола алады, ол арқылы Ертіс және солтүстік өзендердің тұщы суы, сонымен бірге келешекте Мұзды мұхиттың тұщыландырылған теңіз суы, қазір оның тапшылығын көріп отыр­ған Еуразия елдеріне жет­кізіледі. Бүгінгі таңда Қазақстанда таза ауыз суының бір литрі 25 тең­­гені құрайды, яғни ол шикі мұнайдың жарты литрінің құнына пара-пар келеді. Және ЕАЭО елде­ріне мұнайдан гөрі тұщы суды сату тиімді болатын уақыт алыс емес. Сондықтан да академия қазір­дің өзінде, бүкіл Еуразиялық қауымдастыққа тиімді болу мәсе­лесін есепке ала отырып, елді тұщы сумен қамтудың неғұрлым қолайлы нұсқаларын қарастыруда. 2050 жылға қарай елімізді сумен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу үшін ғалымдар «Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігі – тұрақты сумен қамтамасыз ету стратегиясы» атты мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаны әзірледі. Бұл бағдарламада Қазақстан Рес­пуб­ликасының, соның ішінде Астана қаласының су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған «Ертіс-Сырдария» трансқазақстандық кана­лы құрылысына ғылыми негіз­деме беріледі. Бағдарламаның аясында жерасты суларын пайдалану қорлары нақтыланады. Пай­даланудағы кен орындарының қа­нат­қақты автомат­тандырылған ұдайы әрекет етуші модельдері әзір­ленеді. Елдің транзиттік, энергетикалық және су әлеуетін дамытудан өзге, ҚазҰЖҒА ғалымдары елдің басқа да әлеуетін ғылыми-техникалық негіздеумен белсенді айналысуда. Соның ішінде, дәстүрлі өндіру секторларының тиімділігін арттыру, геологиялық барлауды әлемдік нарыққа шығару, алтын өндіруді арттыру және т.б. бар.

– Байқауымызша, академия ауқымды міндеттерді атқару үстінде екен.

– Иә, әбден дұрыс айтасыз. Ғалымдарымыз 2011-2014 жыл­дарға арналған «Қазақстанда сирек металдар саласын дамытуды ғылыми-технологиялық негіздеу» бағдарламасы бойынша перспективалы аудандарды анықтады және Шоққарағай, Құндыбай және Жоғарғы Ырғыз кен орындарының сирек жерлері бойынша болжамдық қорларын бағалады. Қоңырат, Шор, Шатыркөл, Ақтоғай кен орындары мыс-молибден кендерін байыту технологиясын, ағынды сулардан осмийді бөліп алу технологиясын әзірледі. Сонымен бірге, 2011-2014 жылдарға арналған «Қазақстан Респуб­ликасында алтын өндіруді қарқындатуды ғылыми-техноло­гиялық сүйемелдеу» ҒТБ аясында алтын айыру кәсіпорындарының кен базалары геологиялық қорларын екі есеге арттыру мүмкіндігі ғылыми негізделді, Сымбыл, Күдер-Ақгірек, Жұмба және Бақыршық кенді құрылымдарының перспективалы алтын кенді аудандары, Оңтүстік-Батыс Қалбы, Ертіс өзені орта ағысы мен Шаған Оба ұнтақ алтын кендері бойынша ұсынымдар даярланды, жаңа реагенттерді қолдану арқылы Тишин, Риддер-Сокол, Секисов және Балажал кен орындарының алтынды кендерін флотациялық байы­ту технологиясы жасалды, тікелей құймалау әдісімен алтын құрамды шикізаттан алтынды 95-96%-ға дейін бөліп алуға мүмкіндік беретін инновациялық технология әзірленді және патенттелді. Алынған дайындаманы әрі қарай дамытып, технологияларды әзірлеу сатысында жетілдіреміз. Бүгінгі таңда оларды ілгерілетіп әзірленген технологиялардың базасында, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) негізінде тәжі­рибелік-өндірістік учаскелер құрылуда. Аквамәдениеттік технологияны әзірлеу жөніндегі патенттелген жоба МЖӘ мысалы болып табылады. 2012 жылы тұйықталған сумен қамту жағдайында бекіре балықтарын өсіру жөнінде техноло­гиялық шешімдерді жасауға тәжі­рибелік-өнеркәсіптік учаске құ­рылды. Қазіргі уақытта Орал қала­сындағы учаске «Ordabasy group» ЖШС инвесторына, ал Топар кентін­дегі учаске «Биология моря» ЖШС-ге берілді. Қарағанды қаласында ғалымдар МЖӘ негізінде «Кенжер» АҚ-пен бірлесіп металлургиялық кремнийді өндіру бойынша тәжірибелік учаске құруда.

стана қаласында «Астана – жаңа қала» арнаулы экономикалық аймағы Индустриялық паркі аума­ғында «Led System» ЖШС инвесторымен бірлесіп жарық диодтарын өндіретін тәжірибелік-өнеркәсіптік учаске құрылды, ол топтап өнім шығаруда. Қостанай облысында «Төмен сапалы бокситтерді қайта өңдеудің Байер-гидрогранаттық технологиясы негізінде глинозем зауытын салу» патенттелген инновациялық жобасын коммерцияландыру мақсатында «Rean Commodity» инвестициялық компаниясымен және олардың Қазақстандағы өкілі – «Азия Минерал Ресурс» ЖШС-мен бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойылды. Аталмыш инвестициялық компания тәжірибелік-өнеркәсіптік учаске құрылысына, бокситтердің іріктелген сынамасын өндіруге, келешекте Қостанай облысының аумағында глинозем және алюминий зауыттарын салуға 3-4 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі соманы құюды межелеп отыр.

Өскемен қаласында «Алтай геология-экология институты» ЖШС тәжірибелік-өнеркәсіптік желі­сінің базасында «Сорбент» ЖШС құрылды, ол монтмориллонит табиғи минералының негізінде «Тагансорбент» дәрілік препаратын шығарады. Қарағандыдағы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ базасында «Жаңа фармакологиялық қосылыстар – бірегей дәрілік препараттардың субстанциялары мен олардың стандартты үлгілерін әзірлеу» бағдарламасы жүзеге асырылуда. ҚазҰЖҒА ғалымдарының ұсынысы бойынша Назарбаев Уни­верситеттің тәжірибесін қол­дана отырып, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» акционерлік қоғамы мен Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ды біріктіру жолымен жаңа типті зерттеу университеті «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылуда. Ғалымдардың бұл нәтижелері мен жоспарларының толық емес тізбесінің өзі ҚазҰЖҒА ғалым­дарының елдің экономикалық дамуына бағытталған азаматтық бас­та­маларының нақты істермен дә­лелденгенін растайды. Сондай-ақ, олар жаһандық сын-қатерлерге қалыптан тыс, күшті жауаптың ғылыми негізі болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ

Дереккөзі: egemen.kz


«« | »»
Соңғы жаңалықтар