Өзектi

БІЗ ҒЫЛЫМҒА СҮЙЕНГЕН ЭКОНОМИКАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУЫМЫЗ ШАРТ

09.12.2014

5865

Алматы қаласында жұмыс сапарымен жүрген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен Инновациялық жобалар форумына қатысты.
Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінің аумағында тұрған әл-Фараби атындағы ғылыми кітапхана ғимаратының мәжіліс залында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен инновациялық жобаларды дамыту мәселесіне арналған жиынға Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев, Білім және ғылым министрі Асылан Сәрінжіпов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов және Республикадағы іргелі жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары, инновациялық жобалардың авторлары, сондай-ақ оларды қаржыландырушы ірі инвестициялық компаниялардың өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы төрағалық еткен Ин­новациялық жобалар форумына елі­міз­дің инновациялық кластерін жетілдіру және одан әрі қалыптастыру мәселелері тал­қыланды. Жиындағы негізгі әңгіме Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен іргестасы қаланған Ин­но­ва­циялық технологиялар паркінің дамуы мен келешегі жайлы болды. Мемлекет бас­­­шысы инноваторларды даярлау мектеп қа­бырғасынан басталатынын атап өтті.

– Жаңа заманның жаңа технологиясын өмірге келтіру және халыққа қызмет еткізу, сондай-ақ жалпы жұрттың қолданысына енгізуге деген талпыныс бүгінгі біздің жас ұрпақтың әрбір әрекетінен кеңінен байқала бастады. Бұл, әрине, баршамызды қуантуымен қатар, мұны – қазақстандық инновацияның жаңа парағы деп қабылдауымыз керек. Еліміздің «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасында да, менің жуырда жасаған Жолдауымда да осы инновациялық бағытты жетілдіру және дамыта түсуге үлкен мән берілген. Біз ғылымға сыйымды, ғылымға сүйенген экономиканы қалыптастыруымыз шарт. Мемлекет инновациялық жобаларға үлкен қамқорлық көрсетіп келеді. Соңғы 5 жылда елдегі инновацияны дамыту үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат 3 есеге өсіп, 50 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл бәлкім аса үлкен сома болмауы мүмкін. Алайда Үкімет тарапынан бөлінген қаржының тиімді жүзеге асып отырғанын Алматыдағы Инновациялық технологиялар паркі мен Астанадағы Назарбаев Университеті базасында құрылған инновациялық клас­тердің жасаған қадамдарынан да байқауға болады. Біз білімді дамыту жағын ойлас­тырдық. Зияткерлік мектептер құрылды, оған ең талантты балалар қабылдануда. Шетелде жұмыс істейтін отандық ғалымдар елге орала бастады, мұнда оларға тиісті жағдай жасалуда. Инновацияны дамытудың алғышарттары осы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазіргі кезде республикада екі инно­вациялық кластер қатарынан дамып келе жатыр. Оның бірі – Астанада, Назарбаев Университетінің базасында, ал екіншісі – Алматы қаласындағы Инновациялық технологиялар паркінің жан-жақты же­тілдірілген кешенінде екені жұртшылыққа мәлім. Инновациялық форум аясында техникалық жоғары оқу орындарының ғалымдары мен шәкірттері бірлесіп жасаған жаңа технологиялық құрылғылар мен инновациялық жобалар, жас өнер­тап­қыш­тардың жасаған роботтар мен техникалар, стартап-бағдарламалар көрмесі, шетелдерден келген мамандар өткізген мастер-класстар ұйымдастырылды.

Инновациялық жобалар форумын Инвестиция және даму министрі Әсет Исекеш жүргізді. Министрдің мәлімдеуінше, бүгінде еліміздегі тау-кен металлургия саласы бойынша 67 инновациялық жобаға қолдау көрсетіліп жатыр екен. Оның айтуынша, инновациялық белсенділік үлесі 2009 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайған және 2014 жылдың қорытындысы бойынша 10 пайызды құрауы тиіс. Бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай 20 пайызға, ал ІЖӨ инновациялық өнімдердің үлесін 2,5 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Соңғы уақытқа дейін қаралған 3500-ден астам жобаның 577-сі мақұлданып, қолдау тауыпты. Инновациялық жобалар форумына тәжірибелік сынақтан өткен және қолданысқа енгізіле бастаған инновациялық жобалардың авторлары мен оларды қаржыландырушы инвесторлық компания өкілдері ортаға шығып, сөз сөйледі. Олар өз туындыларының ерекшелігі, ар­тықшылықтары, тиімділігі мен өнімділігі жайлы баяндап, ұсыныстарын айтты, инновациялық жобалар туралы өз ойларын ортаға салды.

Жиында «Өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу» тақырыбы бойынша Олег Новачук, әлемдік деңгейдегі инновациялық жоба ретінде танылған Минералды өнімдерді кешенді түрде қайта өңдеу Ұлттық ор­талығының бас директоры Әбдірәсіл Жәрменов, табиғи электр энергиясын өндіру жобасын жүзеге асырып отырған Қазақстан – Британ техникалық университетінің ректоры Искендер Бейсембетовтер өздері сынақтан өткізіп, қазіргі таңда қолданысқа біртіндеп енгізіле бастаған жобалары туралы баяндама жасады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтер де өздерінің баяндамаларында елдегі инновациялық кластердің қалыптасуы мен оған бөлініп отырған қаражат көлемін, олардың тиімді салаларға аударылуы мен стартап-жобаларға қатыстырылып отырған ғалымдар, шетелдік әріптес ғылыми орта жайлы айтты. Назарбаев Университетінің президенті Шигеу Катсу жоғары оқу орнының инновацияны қолдаудағы жаңа жүйе ретіндегі рөліне тоқталды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым­қайыр Мұтанов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары оқу ор­ны­ның же­тістіктерімен және келешек даму жос­парымен егжей-тегжейлі таныс­тырып, мемлекеттік-жеке әріптестік негізде шетелдік инвестиция тартылып отырған медика-биологиялық және инновациялық кластерді құру бойынша ұсынылған жобалардың жүзеге асырылуы жайында таныстырып өтті.

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар