КіруТіркелуЖоба туралы ФорумFAQБайланыс
  
Ұлттық ғылыми порталға қош келдіңіздер!
Бұл жерде қазақстандық ғылымның
жағдайы мен оның соңғы оқиғалары туралы ақпараттар ұсынылған.
Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдірген жөн.
EXPO-2017
"Бұл біздің еліміз үшін жаңа энергетикалық және «жасыл» технологиялар алудың ұлы мүмкіндігі..."
Н.Ә. Назарбаев
Әлемдік ақпараттық ресурстарға шығу мүмкіндігі:
Thomson Reuters, Elsevier, Science
eLIBRARY.RU және басқалары.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы
"Біздің жастарымыздың оқуы, жаңа білімдерді меңгеруі, ең соңғы дағдыларды игеріп,
білім мен технологияларды күнделікті өмірде іскерлікпен және тиімді қолдануы қажет".
Н.Ә. Назарбаев
– Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.
 
Видео заседаний и интервью председателей ННС
Қазақстанның
интерактивті картасы
Үздік жұмыстар жинағы
Түркітанудағы тарихи лексикографияның кейбір мәселелері
Тақырыбы: 

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің Хабаршысында №3-2013 нөмірінде жарияланды. -102-109 бб.
ӘОЖ 811.512.122

Гүлжиһан Байғазықызы Көбденова
Алматы қаласы
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Тіл тарихы және түркология бөлімінің ғылыми қызметкері,
Филология ғылымдарының кандидаты
Тел.: 8705 274 1012
guljihan@mail.ru

Түркітанудағы тарихи лексикографияның кейбір мәселелері

Аннотация: Бұл мақалада жалпы тіл білімі, түркі тілдері мен қазақ тіл біліміндегі тарихи бағыттағы сөздіктердің жіктелуі және зерттелуі қарастырылады. Синхрондық сөздіктер мен диахрондық сөздіктердің саралануы, диахрондық сөздіктердің жіктелуі, сонымен бірге диалектологиялық, этимологиялық, тарихи сөздік құрылымының қазақ тіл білімінде зерттелуіне тоқталады. Жалпы лексикографияның ішінен тарихи бағыттағы лексикография жеке бір сала ретінде қарастырылып, осы саланың ішінен этимологиялық лексикография, диалектологиялық лексикография және тарихи лексикография салалары теориялық тұрғыдан негізделеді. Ғылым мен техниканың дамуы компьютерлік тарихи лексикографияның қалыптасуына оң ықпалын тигізді. Лексикография саласының қарқынды дамуына байланысты тарихи бағыттағы сөздіктердің жаңа түрлері аталады. Түркологиядағы тарихи бағыттағы сөздіктерге шолу жасалынып, этимологиялық пен тарихи лексикографияның өзара байланысы көрсетіледі.
Тірек сөздер: тарихи лексикография, компьютерлік тарихи лексикография, этимологиялық сөздік, диалектологиялық сөздік, тарихи сөздік, тарихи сөздік мақаласының құрылымы, тарихи семантикалық сипаттаудың ұстанымдары, картотекалық қор.

Аннотация: В статье излагаются результаты исследования и классификация исторических словарей в общем языкознании, тюркологии и казахском языкознании. Автор останавливается на различии синхронных и диахронических словарей, классификации диахронических словарей, а также на исследовании в казахском языкознании структуры этимологических, диалектологических и исторических словарей. Историческая лексикография рассматривается в составе общей лексикографии как отдельное направление, в котором находит свое теоретическое обоснование этимологическая, диалектологическая и историческая лексикография. Определяются новые жанры исторических словарей, созданные в результате активного развития лексикографии. Проводится обзор исторических словарей по тюркологии, указывается связь между этимологической и исторической лексикографией.
Ключевые слова: историческая лексикография, компьютерная историческая лексикография, этимологический словарь, диалектологический словарь, исторический словарь, структура исторических словарный статей, принципы семантического описания, картотечный фонд.

Abstract: This paper presents the results of the study and the classification of historical dictionaries in general linguistics, Turkic and Kazakh linguistics. The author focuses attention on the difference between synchronous and diachronic dictionaries, on the classification of the diachronic dictionaries, as well as on the research of the structure of etymological, historical and dialectological dictionaries in Kazakh linguistics. Historical lexicography is considered within general lexicography as a separate direction where etymological, dialectological and historical lexicography find their theoretical justification. New genres of historical dictionaries compiled as a result of active development of lexicography have been defined. The review of historical dictionaries on turkology has been conducted, the link between etymological and historical lexicography has been pointed out.
Keywords: historical lexicography, computer historical lexicography, etymological dictionary, dialectological dictionary, historical dictionary, structure of historical vocabulary entries, principles of semantic description, card-index fund.

Сөздік ғылыми еңбек ретінде қоғамның мәдени өмірінде айрықша орын алады. Сөздік ¬– ұжымдық сананы көрсететін ғылыми туынды болса, сөз – ондағы орталық негізгі тілдік бірлік. Сөздіктегі әрбір күрделі сөз, шындап келгенде, ғылыми монографияның пәніне айналады. Бұл білімдер сөздіктің түріне, сөзтізбенің көлеміне, лексикографиялық материалдарды беру тәсілдеріне, сөздік мақаланың құрылымына байланысты жүйелі түрде беріледі. Сөздік жай ғана лексиканы сипаттап қана қоймайды, сонымен бірге міндетті түрде дәуір философиясын, халықтың ұғым-түсініктерінің жиынтығын көрсетеді. Тарихи бағыттағы этимологиялық, тарихи және диалектологиялық сөздіктер жеке сөз бен тілдегі барлық сөздік құрамның тарихын лексикографиялық құралдармен беру міндеттерін шешеді. Сөздің ауызша және жазбаша түрлеріндегі сөз тарихы туралы толық ақпарат алу үшін тарихи бағыттағы сөздіктер жүйесі қажет. Сөз үнемі үздіксіз өзгерісте болатындықтан, оның бүгінгі сөйлеушілердің қабылдауындағы мағынасы өткен жүз жылдықтардағы мағынасымен сәйкеспеуі мүмкін.
Тіл білімінің «Үлкен энциклопедиялық сөздігінде» тарихи бағыттағы сөздіктер мынадай белгілер бойынша ажыратылған: лексиканы сұрыптау бойынша – тіл лексикасының стильдік қабаттарын көрсететін диалектологиялық сөздік; сөздің сипатталу тәсілі бойынша – сөздің шығу тегін ашатын этимологиялық сөздік; сөздің дәуірлерде көрініс беруі бойынша – тарихи сөздіктер [1, 462 б.].
Лексикограф Ю.С.Сорокиннің «Тарихи сөздік дегеніміз не?» деген мақаласындағы тұжырымы бойынша, сөздіктің тарихи болуы оның көне дәуірлердің жазба ескерткіштер материалдарының көрсетілуінде ғана емес, олардың берілу тәсілінде жатыр. Себебі қазіргі тілдің сөздігі де тарихи сөздік болуы мүмкін [2, 150 б.]. Зерттеуші қазіргі дәуірдің тарихи сөздігін жасау үшін:
– картотека қорын дайындау;
– қажетті дереккөздерді анықтау және оларды зерттеу;
– сол дәуірдің лексикалық материалдарын таңдау және сұрыптаудың жалпы ұстанымдарын анықтау;
– хронологиялық шегін нақтылау сияқты басты мәселелерді шешу қажет екендігін атап көрсетеді.
Қазақ лексикография теориясын зерттеуші ғалым М.М.Малбақов: «Қазіргі сөздіктің түрлерін: 1) ағымдағы тіл сөздігі; 2) қазіргі заман тілі сөздігі; 3) ұлттық идеяға негізделген, тарихи ұстанымға құрылған сөздік» деп бөліп көрсетеді. Ғалым лексикографиясы жоғары дәрежеде дамыған елдерде мұндай сөздіктердің жасалғандығын айта келіп, қазақ лексикографиясы үшін де XVI ғасырдан бергі кезеңді қамтитын, тарихи ұстанымға негізделген сөздік жасау қажеттілігін айтады [3, 330 б.].
Тарихи бағыттағы сөздіктер іс жүзінде ежелгі дәуір, орта ғасырлардан бері қолданыс тапқанымен, оның теориясының қалыптасып, дамығанына көп уақыт өте қойған жоқ. Теория жүзінде қарастырылуы жалпы лексикографияның теориялық мәселелерімен тығыз байланысты болды. Танымал лексикограф-ғалым Г.А.Богатова тарихи бағыттағы сөздіктерді былайша бөледі: 1) этимологиялық немесе тарихи-этимологиялық; 2) тарихи; 3) диалектологиялық сөздіктер [4, 80 б.].
Тарихи лексикография сөз тарихын жазба тіл кезеңдері тұрғысынан қарастырумен шектеледі. Сөздердің жазбаша тұлғалары, жазба мәдениеттің ерекшеліктері, жазудың тарихи қалыптасуы мен қызмет етуі оның негізгі бағыт-бағдары, нысаны. Осындай белгілер жанрдың ерекшеліктерін көрсетіп, айқындайды. Тарихи лексикография жалпыфилологиялық сөздіктерде сөз тарихын беруде жазу мен тілдегі сөздің қызмет ету аясының заттық-семантикалық тәсіліне назар аударады. Сөздің жазбаша түрі әртүрлі тарихи еңбектерден, сөздіктерден алынады. Олар сөзді әр қырынан: сөздің фонетикалық және графикалық бейнесі, парадигмалық тұлғалардың дамуы, семантикалық даму процестерін қарауға мүмкіндік береді [5]. Тарихи сөздіктің дереккөздеріне бұрынғы шыққан сөздіктер және жалпы бағыттағы сөздіктер, тарихи картотекалық қор, тарихи-лексикологиялық ізденістер, ғылыми-тарихи зерттеулер, сөз тарихы бойынша аналитикалық басылымдар мен жарияланымдар, мұрағат материалдары т.б. кіреді. Тарихи лексикографияда тілдік дамуды көрсететін екі тәсіл қалыптасты: диахрондық сипаттау (үлкен хронологиялық сөздіктерде), бір синхрондық кезең бойынша сипаттау.
Біздіңше, тарихи бағыттағы сөздіктерді сызба түрінде былайша жүйелеп беруге болады: 1-сурет

Лексикография саласының қарқынды дамуына байланысты тарихи бағыттағы сөздіктердің жаңа түрлері жасалуда: тарихи-этимологиялық, тарихи-диалектологиялық сөздіктер, тарихи-этнографиялық сөздіктер, тарихи-аймақтық сөздіктер және т.б.
Этимологиялық сөздіктерді тілдерді қамту жағынан екі түрге бөліп қарастыруға болады. Оның бірінші түрі – бір тілдің лексикасын сипаттайтын этимологиялық сөздік. Екіншісі – туыс тілдердің этимологиялық сөздігі.
Бір тілдің лексикасын сипаттайтын сөздіктер қатарына жеке бір тілдің материалдары негізінде жасалған этимологиялық сөздіктер жатқызылады.
Туыс тілдердің этимологиялық сөздігінің сөзтізбесі ататілдік тұлғалардан, мәселен ататүркілік немесе басқа ататілдік тұлғалардан тұрады. Бұған «Этимологический словарь тюркских языков» (М., 1974) т.б. сөздіктерді жатқызуға болады. Бұл ататілді қайта жаңғыртатын сөздіктерде сөздер мен түбірлердің архетиптік көрінісі беріледі.
Қазақ тіл білімінде тілді фонетикалық және морфологиялық тұрғыда зерттеуде біраз тәжірибе жинақталып, сипаттамалы және салғастырмалы грамматикалар, әртүрлі сипаттағы екітілді, түсіндірме, синонимдік, терминологиялық т.б. сөздіктер шығарылды. Араб, парсы, монғол, орыс және түркі тілдерінің әсері жайында зерттеулер жүргізіліп, бірқатар диалектологиялық жұмыстар атқарылды. Этимологиялық зерттеулердің саны артып, тіл тарихын зерттеуге қатысты жұмыстардың жан-жақты жүргізілгені ескеріліп 1960 жылы Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтының ғылыми-зерттеу жоспарында «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» деген тақырып енгізілді. Осы жоспардың нәтижесінде 1966 жылы 337 реестр сөзді қамтыған «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» [6] жарыққа шықты. Этимологиялық сөздік пен оның ұстанымдары жайында түркі тіл білімінде Л.С.Левитская [7], қазақ тіл білімінде А.Ы.Ысқақов [8], Н.Қарашева [9], Ә.Т.Қайдар [10], Ғ.Әнес [11] т.б. зерттеу-мақалалары бар.
Этимологиялық сөздікті мақсат тұрғысынан екіге бөлуге болады: 1) ғылыми этимологиялық сөздік; 2) ғылыми-көпшілік этимологиялық сөздік.
Жеке бір түркі тілінің этимологиялық сөздігін жасаудың ұстанымдарын Л.С.Левитская былайша атап көрсетеді:
1) жалпытүркілік сөздіктің зерттеу міндеттерін ескере отырып, тілдегі сөздердің фонетикалық, сөзжасамдық және семантикалық тарихына назар аудару;
2) сөз тарихын қайта қалпына келтіруде ішкі реконструкцияны тірек ету;
3) сөзтізбенің толық болуына (шартты түрде) мүмкіндігінше ұмтылыс жасау және сөздің этимологиясын іздестіру барысында туыс және аймақтық жағынан жақын тілдер мен олардың диалектілерін пайдалану;
4) реалиялардың тарихына назар аудару;
5) тілдік фреквенталиді ескеру [7, 198 б.].
Туыс тілдердің этимологиялық сөздігінде немесе екі тілдің салыстырмалы сөздігінде салыстырмалы әдісті қолдану өте ұтымды әдіс болып табылады. Туыс тілдердің этимологиялық сөздігінде реестр сөзден кейін барлық туыс тілдерден сөздің түбіріне жақын сөздер және олардың жаңа туынды тұлғалардың тізбегі беріліп, сөздің ежелгі нұсқасы көрсетіледі. Сөз тарихын ашу арқылы туыстас халықтардың өткен өмірін, оның заттық және рухани мәдениетін, оның басқа халықтармен байланысын көруге болады.
Түркітану ғылымында этимологияны жеке сала ретінде түркі тілдерінің бірінші этимологиялық сөздігі – ежелгі түркі тілін (шағатай, ежелгі ұйғыр тілдері) зерттеуші, белгілі түрколог Арминия (Герман) Вамберидің сөздігі 1878 жылы шыққаннан кейін көңіл қойып, тани бастады. Бұл сөздіктің өзіндік кемшіліктері бар еді. Сол кезеңдегі түркологиядағы тарихи-лингвистикалық зерттеулердің аздығы сөздіктің сапасына да әсер етті. Тек тілдің өзі, кірме сөздің дереккөзі ғана көрсетіліп, ал зерттеліп отырған тілдің сөзжасамдық табиғаты көрсетілмеді. А.Вамберидің сөздігінен басқа, түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі бойынша W.Schott (1887), B.Kerestedjian (1912) сөздіктері бар. Дегенмен түркі этимологиясының ғылыми ұғымдық-терминологиялық аппаратының дамып-жетілуі М.Рясянин, Дж.Клосон, В.Г.Егоров және Э.В.Севортянның есімдерімен тығыз байланысты. 1970 жылдары Э.В.Севортян сөздігінің шығуы түркологиядағы этимологияны алдыңғы қатарға шығарып, көптеген зерттеу жұмыстарының кең ауқымда жүргізілуіне себепші болды.
Түркілік этимология 1970 жылдардан бастап бұрынғы зерттеулерге қарағанда өзінің кең ауқымдылығымен, тілдік деректерді терең ғылыми талдау жасауларымен жаңа даму сатысына көтерілді. Бұлардың қатарында Эрванд Владимирович Севортянның «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі» үлкен рөл атқарды [12]. Э.В.Севортян «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігінде» 25 қазіргі түркі тілдерінің тілдік материалдарын бұрынғы жазба ескерткіштермен салыстыру негізінде жалпытүркілік және түркіаралық бірбуынды және көпбуынды көне түбірлердің, төл сөздер мен кірме сөздердің шығу тегін салыстырмалы-тарихи және ішкі реконструкция тәсілдері арқылы қарастырған. Бүгінгі күнде де ол өз маңызын жоғалтпаған сөздік болып саналады.
Тарихи сөздік хронологиялық шекті қамту тұрғысынан былайша сараланады: 2-сурет

Тарихи лексикограф Г.А.Богатова: «Егерде ұзақ мерзім, бірнеше ғасырларға арналған тарихи сөздік болса дереккөздерді сұрыптау, ал бір ғасырға арналған тарихи сөздікте дереккөздерді толықтай беретіндігін» айтады [4].
Тарихи сөздік жасау саласындағы қазіргі лексикографияның тәжірибесін ескере отырып, мынадай тұжырымға келеміз: тарихи сөздік өзінің толық мағынасында жазба тілдің тарихын көрсетуі, лексиканың тарихын беру керек, сөздің ежелгі бастау бұлағынан үздіксіз жалғастығын көрсететін, жазудың басталуынан бүгінгі жағдайына дейінгі барлық сөздердің биографиясын көрсетуі қажет.
Біздіңше, қазіргі тілдің тарихи сөздік мақаласының құрылымын мынадай үлгіде құруға болады:
1. А т а у с ө з.
2. Т ү с і н д і р м е с і, сөздің барлық мағынасын түсіндіруді мақсат етпейді, бірақ тарихына қатыстысы беріледі.
3. Т у ы н д ы с ө з д е р, атау сөзбен түбірлес сөздер.
4. С ө з т а р и х ы. Сөздің жазба ескерткіштерде және сөздіктерде бірінші көрініс беруі көрсетіледі. Сөз мағыналарының, айтылымы мен жазылымындағы өзгерістер жөнінде мағлұмат беріледі (сөздің тілге келген кезінен бастап).
5. Д ә й е к т е м е л е р б е р у. Жазба ескерткіштер және сөздіктерден дәйектемелер келтіру.
Тарихи сөздік жасау үшін оған ең алдымен жазба ескерткіштердің болуы қажет деген пікір орын алған. Бұл пікірдің екінші жағы бар. Жазба ескерткіштерде белгілі бір себептермен сол заманның сөздері түспей, енбей қалуы ғажап емес. Ал ол сөз қазіргі тілде сақталуы мүмкін.
Түркі тілдері бойынша тарихи сөздік қатарына «Көнетүркі сөздігі» (Древнетюркский словарь) [13] туындысын жатқызуға болады. «Көнетүркі сөздігі» шамамен 20 000 сөз бен тұрақты сөз тіркестерін қамтыған, VII–XIII ғасырлардағы ежелгі түркі жазба ескерткіштерінен алынған материалдардың негізінде түзілген аударма-түсіндірме сөздік. Бұл сөздік ежелгі түркі тілі мен диалектілерінің лексикасы сақталған жазба ескерткіштер мәліметтерін толықтай қамтуға ұмтылған алғашқы еңбек. Реалиялар мен ұғымдарды түсіндірудің қиындығынан сөздікте энциклопедиялық түсіндірме элементтері пайдаланылған. «Көнетүркі сөздігіндегі» сөздік мақаланың құрылымы мынадай үлгіде құрылды: атау сөз – этимологиялық ақпарат – грамматикалық белгі – атау сөздің түсіндірмесі – дәйектеме материалдары – атау сөзге берілген тұрақты сөз тіркестері – сілтемелер. Тілдің тарихи дамуы оның біртіндеп болған өзгерістерімен сипатталады.
Жеке бір тілдің, ескі өзбек тілінің жазба ескерткіштері негізінде жасалған Э.Фазыловтың «Ескі өзбек тілі» сөздігі [14] XIV ғасырдағы Хорезмдік ескерткіштерді қарастырған. Бұл зерттеуінде автор глоссарий түрінде XIV ғасырдың сөздік құрамын толықтай қамтуға ұмтылды. Глоссарий әліпби тәртібімен берілді. Әр сөз және оған қатысты материалдардың барлығы жеке сөздік мақала құрайды; атау сөз транскрипцияда беріліп, ал жақша ішінде оның қолжазбадағы арабша жазбасы берілген, содан кейін бұл сөздің мағынасы көрсетілген. Сөз мағыналарының тізбесі оның XIV ғасыр тілінде қолданылу жағдайын көрсетеді. Сөз мағыналарын бергеннен кейін дәйектеме материалдар берілді. Әрбір мағынаға арнап дереккөздерден мысалдар келтіреді.
Осман дәуірі жазба ескерткіштерінің тілдік ерекшеліктерін көрсететін түрік тілінде шыққан “Tarama sözlüğü”, “Kamus-ı türkî”, “17. Yüzyul Türkçesi ve söz varlığı”, “Türkiye Türkçesindeki Türkçe sözcüklerin köken Bilgisi Sözlüğü” [15] еңбектер мен қазақ тілінде шыққан Г.Мамырбекова мен А.Сейітбековалардың «Әбілғазы баhадүр ханның «Түркі шежіресінің» тезаурус сөздігі» [16] және «Қадырғали Жалайырдың «Жами ат-тауарих» жылнамасының тезаурус сөздігі» [17] түркологиядағы тарихи бағыттағы сөздіктердің аясын кеңейтеді.
Егер ХХ ғасыр лексикография ғасыры болып, ғылым саласы ретінде жан-жақты дамыса, ХХІ ғасырда лексикография жаңа технологияның енуімен жаңа сипат, мән-мазмұнға ие болып, лексикография сөзіне «компьютерлік» сөзі қосылып жаңа бір сала ретінде әлемдік тіл білімінде компьютерлік тарихи лексикография саласы қалыптасу үстінде.
Жалпы тілі білімінде тарихи лексикография негізінен ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында қалыптасқанымен, оның компьютерлік әлемдегі аясы әзірше шектеулі болып отыр. Дегенмен орыс тіл білімі мен татар тіл біліміндегі тарихи бағдарлы сөздіктеріне компьютерлендіру жұмыстарының жүргізілуі біздің түркітану саласында да компьютерлік тарихи лексикографияны қолға алу мәселесі туындағанын көреміз. Бұл мәселе татар тіл білімінде жақсы қарастырылып жатыр. Мәселен татар ғалымы Г.Р.Чумаринаның электрондық сөздіктерді жасаудың теориясы мен практикасын зерттеген кандидаттық диисертациясы [18] және татар тіл біліміндегі Қазан өлкесінің XVI–XVII ғғ. ескерткіштер тілінің интернет сөздігінің жасалуы [19] түркологиядағы компьютерлік тарихи лексикография саласының дамуына себепші болмақ. Әрине, жеке түркі тілдерінің (мысалы, татар, өзбек, қазақ түрік тілдерінің т.б.) аударма сөздіктерінің онлайн сөздіктері бар, бірақ татар тілінен басқа (http://www.klf.kpfu.ru/index.php) тарихи сөздіктердің электрондық онлайн сөздіктері жоқ. Бұл да ғылыми-зерттеу инститтуттарының алдында тұрған тілдік, әлеуметтік маңызы зор жобалардың бірі деп санаймыз.
Тарихшы-лексикограф жұмысының қиындығы − сөз мағынасын айқындау, сөздік жасау үшін дереккөздерді сұрыптау, мәтіндерді талдау, сөзтізбелерді құрастыру, сөзқолданыстарды талдау, лексикографиялық технологияның дәстүрлі негізі болып саналатын қолжазба картотеканы (дереккөздердің библиографиясы, дәйексөз, сөздік мақала т.б.) жинақтау мен жүйелеу т.б. жұмыстарын жүргізуде жаңа технологияның әлеуеті мен мүмкіншіліктері зор. Компьютер әртүрлі іздеу операцияларын жасай алуымен ауқымды ақпараттық ресурсты меңгеруге атсалысады. Бұл өз кезегінде тіл тарихын зерттеуге үлкен қызығушылықты тудырары даусыз. Компьютердің бір артықшылығы тарихи картотекалық қордың сапалы сақталуы мен дамуына, оны гиперкартотекалық қорға айналдыруға, тарихи гипермәтінді өз бойында сақтап – көбейтіп – дамыту қызметтерін атқарады.
Сонымен, қазақ тілінің электрондық және қағаз сөздіктерін лексикографиялық жүйе ретінде және қолданушы үшін анықтама материалы ретінде қарастыру келешектегі ғылыми-практикалық зерттеу жұмыстарының нысаны болмақ. Ғаламтор арқылы жаңа ғылыми және лексикографиялық коммуникацияға, парадигмаға жол ашылып, қазіргі лексикография қарыштап даму үстінде, соған сай қазақ тілінің сөздіктеріне жаңаша бір даму серпін беріп, өз кезегінде қазақ лексикографиясының теориясы мен практикасының алдына жаңа міндеттер мен мақсаттар қойып отыр. Жақсы сапалы электрондық сөздік тілші мен бағдарламашының бірігіп жұмыс жасауынан туындайтындығын өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Электрондық лексикографиялық ресурстардың жаһандық жүйесіне енуі, қазақ тілінің алдағы уақытта әр салада дамуына айтарлықтай септігін тигізеді.
Қазіргі қоғамда жүріп жатқан ғылыми-ақпараттық кеңістіктің өркендеуімен байланысты лексикография саласының кемелденуі тарихи лексикография мен компьютерлік тарихи лексикография салаларының да қарқындап дамуына әсер етуде. Сонымен бірге қазіргі лексикографияның ғылыми деңгейіне сәйкес түркітану саласындағы тарихи лексикографияның да мақсат-міндеттерін, құрылымдық ерекшеліктерін, ұстанымдық негіздерін айқындау қажеттігі туындайды. Түркітану саласындағы тарихы жазба ескерткіш мәтіндерінің электрондық корпусын және түркі мәдени-рухани, ұлттық құндылықтарының тілдегі көрінісін көрсететін түркілік тарихи электрондық картотекалық қор, әр ғасыр бойынша жасалған тарихи сипатты сөздіктер, қазіргі түркі тілдерінің тарихи сөздігін, түркі тілдерінің тарихи-этимологиялық сөздігін жасау – бүгінгі түркітану ғылымының маңызды міндеттерінің бірі болып отыр. Бұны түркі тілдерінің тарихи қабаттарын тереңірек ашудың және жаһандану дәуірінде жұтылып кетпеуінің бір кепілі деп білер едік. Тарихи лексикография – тілдің тарихи негіздерін айғақтайтын ғылым саласы.
Қорыта айтқанда, сөздік – бұл дәуірдің "жемісі". Оның жасалуы көп жағдайда мәдени-тарихи жағдайларға, теориялық лингвистикаға, лексикографтың қолданатын мәтіндеріне тәуелді болып келеді. Тарихқа неғұрлым терең бойлаған сайын, тарихи зерттеулер көбейген сайын тарихи сөздіктердің де түрлері көбейіп, соған сәйкес жіктеменің де ауқымы кеңейе бермек.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Большой энциклопедический словарь. Языкознание. – Москва, 1998. – 685 c.
2 Сорокин Ю.С. Что такое исторический словарь? // Проблемы исторической лексикографии. Отв.ред. Ю.С.Сорокин. – Ленинград: Наука, 1977. – С. 4-27.
3 Малбақов М.М. Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері. – Алматы: Ғылым, 2002. – 367 б.
4 Богатова Г.А. История слова как объект русской исторической лексикографии. – Москва: Наука, 1984. – 255 c.
5 Богатова Г.А. Историческая лексикография как жанр // Вопросы языкознания. – Москва, 1981. – №1. – С. 80-89.
6 Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. –Алматы, 1966. –240 б.
7 Левитская Л.С. Новый вклад в чувашскую историческую лексикологию // Тюркская лексикология и лексикография. – Москва: Наука, 1971. Отв. Ред. Н.А.Баскаков. сб.статей. – С. 301-312.; Левитская Л.С. О некоторых принципах составления этимологического словаря отдельного тюркского языка // Проблемы современной тюркологии (материалы ІІ всесоюзной тюркологической конференции 27-29 сентября 1976 г. г. Алма-Ата). – Алма-Ата: Наука, 1980. – С.192-198; Левитская Л.С. Кумыкские этимологии // Тюркологические исследования. – Москва: Наука, 1976. – С.132-137.
8 Ысқақов А.Ы. Қазақ тілінің этимологиялық сөздігін жасау мәселелері // Қазақ тілі мен әдебиеті. – Алматы, 1959. – №5. – 80-92 бб.; – Алматы, 1959. – №12. – 72-82 бб.
9 Карашева Н. Опыт зарубежной лингвистики в создании этимологических словарей // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. 4 шығуы. – Алматы, 1962. – 142-156 бб.; Карашева Н.Б. К вопросу о составлении этимологического словаря казахского языка // Қазақ тілінің тарихы туралы зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1965. – 194-203 бб.
10 Қайдаров Ә. Қазақ тілі этимологиясынан этюдтер // Сөз өнері (Тіл мәдениеті туралы). Жауапты редакторы: М.Балақаев. – Алматы, 1978. – 62–71 бб.
11 Әнесов Ғ. Қазақ тіл біліміндегі этимологиялық зерттеулердің негізгі бағыттары // Қазақ тілі тарихи лексикологиясының мәселелері. – Алма-Ата: Ғылым, 1988. – 100-120 бб.
12 Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков. – 1 книга. – Москва: Наука, 1974. – 767 с.; – 2 книга. – Москва: Наука, 1978. – 349 с.; 3 книга. – Москва: Наука, 1980. – 395 с.; 4 книга. – Москва: Наука, 1989. – 293 с.
13 Древнетюркский словарь. Ред. В.М.Наделяев и др.. – Ленинград: Наука, 1969. – 676 с.
14 Фазылов Э. Староузбекский язык. Хорезмийские памятники XIV века. – Т.І. – Ташкент: Фан, 1966. – 650 с.; – Т.ІІ. – Ташкент: Фан, 1971. – 777 с.
15 Tarama sözlüğü. I. A-B. Ankara, 2009. Hazırlayanlar: Ömer Asım Aksoy, Dehri Dilçim; Şemseddin Sami. Kamus-ı türkî. Ankara, 2010; prof. Dr.Metrol Tulum. 17. Yüzyul Türkçesi ve söz varlığı; prof. Tuncer Gülensoy. Türkiye Türkçesindeki Türkçe sözcüklerin köken Bilgisi Sözlüğü. Ankara, 2011.
16 Мамырбекова Г., Сейітбекова А. Әбілғазы баhадүр ханның «Түркі шежіресінің» тезаурус сөздігі. -Алматы: Тіл білімі институты, 2011. -320 б.
17 Мамырбекова Г., Сейітбекова А. «Қадырғали Жалайырдың «Жами ат-тауарих» жылнамасының тезаурус сөздігі». Алматы: Шапағат-нұр, 2012.
18 Чумарина Г.Р. Теория и практика составления электронных словарей (на материале татарского языка). 10.02.02 – языки народов Российской Федерации (татарский язык). Автореферат диссер... канд. филолог. наук. Казань, 2010.
19 Казанский край: словарь языка памятников XVI, XVII веков: интернет-словарь // http://www.klf.kpfu.ru/index.php

Автор: Гүлжиһан Байғазықызы Көбденова
  9486
Түсініктеме қалдыру үшін, сайтқа авторизациядан өту керек
050026, Алматы, ул. Богенбай батыра, 221
Тел: 8 (727) 378 0509
E-mail: dir@inti.kz
      Все права защищены
©ННП 2013 - 2019