Айтулы шара

03.10.2014 ҒЫЛЫМ ӨҢІРЛЕРДІҢ КӨШІН ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ

Аймақтарда ғылымның дамуы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруын негіз болатыны сөзсіз. Бүгінде «ҰҒТАО» АҚ-ның облыстардағы филиалы жергілікті жердегі ЖОО-ы және ҒЗИ-мен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың халықаралық ғылыми мәліметтер базасына қосылуын қамтамасыз етіп келеді. Күні кеше ғана орталықтың Алматыда орналасқан бас кеңсесіне жиналған филиал директорлары өңірлерде ғылымды дамыту бағытында атқарған жұмыстары жайында баяндап берді.
Басқосуды «ҰҒТАО» АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев ашып, жүргізіп отырды. Өз кезегінде орталық басшысы аймақтағы филиалдар «ҰҒТАО» АҚ-ның стратегиялық мақсат-міндеттерін басшылыққа ала отырып, жұмыс істеуі керектігін ескертті. Бүгінде орталық қазақстандық ғылыми мәліметтер базасы сілтемесін қалыптастыру, халықаралық ғылыми мәліметтер базасына ғылыми мекемелердің қосылуын қамтамасыз етіп келе жатқаны белгілі. Бұдан басқа бүкіл еліміз бойынша инновациялық банктер базасын құру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жинақтап, оларды есебін дайындау сынды маңызды міндеттерді орталық қызметкерлері үлкен абыроймен атқаруда. Сол себепті «ҰҒТАО» АҚ-ы отандық ғылымды дамытуды басым бағытқа айналдырған бірегей ұйым ретінде саналуда. Соңғы уақыттары орталық ұзақ жылдар бойы жинақталған ғылыми мәліметтер қорына сүйеніп, түрлі мемлекеттік мекемелерге ғылыми сараптамалық материалдар ұсынып, ел экономикасын дамытуға өз үлесін қосып келеді.


– Аймақтағы филиалдар біздің оң қолымыз. Сондықтан орталықтың тиімді жұмыс істеуі сіздердің іс-әрекеттеріңізге де тікелей байланысты. Алдағы уақытта жергілікті жердегі ЖОО және ҒЗИ-мен байланысты барынша дамыту керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімдеріне өңірлерде ғылымды қажетсінетін экономика құру туралы талап қойғанын бәріңіз білесіздер. Бұл істен де «ҰҒТАО» АҚ-ы шет қалмауы тиіс. Қазір кейбір өңірлерде ғылымның дамуы өте төмен. Бірақ сол аймақтарда жергілікті билік орындары тарапынан ғылымды дамытуға қомақты қаржы бөлінуде. Келешекте филиал басшылары мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына өз үлесін қосуы керек. Бұл бағытта сіздер жергілікті билік орындарымен тығыз жұмыс істеп, ғылымды дамытуда оларға бағыт-бағдар берулеріңіз қажет, – деді «ҰҒТАО» АҚ-ы Президенті Ә.Ыбыраев.
Бұдан кейін филиал директорлары жыл басынан бері атқарған жұмыстары жайында әңгімеледі. «ҰҒТАО» АҚ-ның Атырау облысындағы филиалның жетекшісі Сара Бұқанова өңірдегі үш ЖОО мен үш ҒЗИ тығыз жұмыс істейтіндерін алға тартты.
– Атырау еліміздегі мұнайлы өлке болып саналады. Сондықтан біздер Мұнай және газ университетімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Соңғы уақыттары өңірде мұнайдан басқа өсімдік шаруашылығын дамыту ісіне де баса көңіл бөлінуде. Бұдан басқа балық шаруашылығы да жанданып келеді. Өңірдегі ғалымдарымыз балық шаруашылығын дамытуға бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын біздің филиалға емес, Алматыда орналасқан Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты тапсырғанды жөн көреді. Осы ретте атыраулық ғалымдардың импакт-факторлық көрсеткішке ие ғылыми журналдарға мақала жариялау жағы тым төмен екенін мойындаймыз. Алдағы уақытта бұл бағытта жұмыс істейтін боламыз, – деді филиал директоры. Жиынға қатысқан орталықтың білікті мамандары расымен де соңғы 5 жылда Атырау облысы бойынша халықаралық ғылыми журналдарға бар болғаны үш мақала жарияланғанын алға тартты. Өз кезегінде «ҰҒТАО» АҚ-ы президенті филиал директорына аймақтағы ғалымдардың белсенділігін арттыруға күш салу керектігін ескертті.
Ал орталықтың Астана қаласындағы филиалының жетекшісі Гүлмира Тәшенова ЖОО және ҒЗИ арадағы байланысты жандандыру үшін тек қана хат жазудың жеткіліксіз екенін алға тартты.
– Астана қаласында көптеген ғылыми мекемелер мен өндіріс ошақтары шоғырланған. Олардың басшыларымен кездесіп, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің маңыздылыған жұмыс барысында көзіміз жетті. Айталық, біздің филиал қызметкерлері Астана маңындағы аудандарда орын тепкен 20-дан астам өндірістік нысандармен келісімге келіп, олар кәсіпорындарында жұмыс істейтін ғалымдар қандайда бір ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысса «ҰҒТАО» АҚ-мен әріптестік байланыс орнатуға келісті. Бұдан басқа Еуразия университеті алдағы уақыттарында жинақталған жүзден астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын біздің филиал арқылы орталықтан тіркеуден өткізбекші. Ал Астана медицина академиясының басшылығы маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде орталықтың көмегіне жүгінетіндерін алға тартты, – деп Гүлмира Тәшенова біраз жұмыстарды қолға алғандарын жеткізді. Бұдан кейін сөз алған филиал директорлары өңірлердегі ғылымның аяқ алысы жайында қысқаша баяндап, атқарған жұмыстары жайында әңгімелеп берді.

2652
Қатысушылар
Қатысу