Айтулы шара

15.11.2017 Ғылыми журналдардың халықаралық дәрежесін арттыру маңызды

Ғалымдарымыз ғылыми мақалаларын ағылшын тілінде жазуы тиіс және оларды әлемдік ақпараттық ресурстарға енгізу қажеттігі туралы Елбасымыздың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-да «Қазақстандық ғылыми журналдардың халықаралық дәрежесі мен сапасын көтеру мәселелері» деген атпен дөңгелек стол болып өтті. Шараға Білім және ғылым вице-министрі Асланбек Әмрин, Ғылым комитеті Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің өкілі Қарлығаш Сәкенов, Clarivate Analytics және Shpringer Nature компанияларының өкілдері қатысты.



Аталмыш шара барысында сөз алған «ҰМҒТСО» АҚ Президенті Әділ Ыбыраев басқосудың мәні мен маңызын атап өтті және қазақстандық ғалымдардың ғылыми мақалалары жарық көрген басылымдар жайында сараптама жасай отырып, бірінші кезекте Clarivate Analytics және Shpringer Nature компанияларының өкілдеріне сөз берді.

Shpringer Nature компаниясының Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан мемлекеттері бойынша менеджері Ирина Александрова Қазақстандық журналдардың сапасын жақсарту туралы ұсыныстарын ортаға салды. Оның мәліметінше, әлем бойынша Shpringer Nature ақпараттық ресурсында 2900-ға жуық ғылыми журнал тіркелген. Ресей және ТМД елдері бойынша тіркелген 174 журналдың 12-сі ТМД елдеріне тиесілі екен. Бұл көрсеткіштердің санын арттыру үшін қазақстандық ғылыми журнал редакторлары өз журналдарының сапасын көтеруі тиіс. Ол үшін ең алдымен редакция сапалы мақалаларды ғана қабылдауы тиіс және оны рецензиялайтын шетелдік ғалымдардың да осы саладан хабары мол әрі мақалалары жарық көрген болуы тиіс. Сонымен қатар автор өзі зерттеп отырған саланың әлемдік зерттелу деңгейін біліп, ғылыми қоғамдастық сұранысын қанағаттандырып, өзінің жақсы атын қалыптастыруы қажет. Ирина Александрова журналдың атауын дұрыс қоюдың өзі – журналдың алдағы беделіне де әсер ететіндігін алға тартты.


Clarivate Analytics компаниясының ТМД елдері бойынша білім беру бағдарламалары мен ақпараттық ресурстар бойынша сарапшысы Ирина Тихонкова ғалымдардың ғылыми мақала жариялауы PhD немесе кандидаттық қорғаудағы қызу науқан емес, жан-жақты зерттелген, шетелдік бірлескен автормен бірге жасалған нәтижелі жұмыстың көрсеткіші болуы тиістігін көрсетті.
Almaty Management University Ғылыми зерттеулер орталығының директоры Данияр Сапарғалиев өз кезегінде Ашық қолжетімділіктегі журналдардың қауіптілігі жайында өзінің тәуелсіз зерттеуін ұсынды. Оған назар салатын болсақ, қазақстандық әрбір үшінші ғалым (бұл дегеніміз жалпы ғылыми мақалалардың 35 пайызы) өз мақаласын жалған журналда жариялайды. Мұны ғалымның өзі де білмеуі мүмкін немесе арадағы делдалдардың кесірінен өз мақаласын қомақты ақша беріп жарыққа шығаруы мүмкін. Осы ретте ғалымдарымыз алданбас үшін ең алдымен шетелдік бірлескен авторды немесе ғалымды оның жасаған зерттеу жұмысына қарап таңдауы тиіс. Ғылыми ортада өзін-өзі сыйлайтын шетелдік ғалым ешқашан жалған журналға бірлесіп мақала жазуға келіспейді.


Әр тараптың пікірі мен нақтылы ұсыныстарын тыңдаған Білім және ғылым вице-министрі Асланбек Әмрин: «Білім және ғылым министрлігі импакт-факторға ие болған қазақстандық 7 журналдың санын алдағы уақытта арттыратын боламыз. Бүгінгі басқосу алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады. Осындай кездесулер негізінде авторлар мен ғалымдардың ұсыныстары ескеріледі және алдағы уақытта үздік деп танылған журналдар мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие болады. Сол үшін де Сіздер мен біздер қандай журналдар тізімге енуі қажеттігін анықтауымыз қажет. Елімізде жарық көретін ғылыми журналдардың сапасын арттыру мақсатында алдағы жылы өңірлерде 300-ге жуық тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылу көзделіп отыр. Авторларымыздың мақалалары шетелдік ғалымдар тарапынан сілтемеге ие болуы бағытында да жұмыстар атқаруымыз қажет. Бүгінде Ислам елдірінің бірыңғай сілтемелік базасын құру туралы бастама көтерілді. Өйткені біздің тарих, қазақ тілі, әдебиет салалары бойынша шетелдік журналдарда жариялаған мақалаларымыз сілтемеге ие болмай отыр немесе сілтемесі аз. Осы бағыттағы қордаланған мәселелер келесі жылдың ақпан айындағы Кеңесте талқыланып, ұсыныстар бойынша жұмысымызды жалғастыратын боламыз», - деп қорытындылады сөзін.
Шара барысында еліміздегі ғылыми мақалалары жоғары импакт-факторлық көрсеткіштерге және жоғары сілтемеге ие журнал редакторларының тәжірибесі ортаға салынды. Жоғарыда аталған компания өкілдері журнал редакторлары мен ғалымдардың көкейінде жүрген маңызды сауалдарға жауап берді. Шетелдік импакт-фактор көрсеткіші бар ғылыми журналдарда мақала жариялаудағы өзекті мәселелер келесі жылы ақпан айында болатын Кеңесте тағы да талқыланып, нақтылы шешімдер қабылданатын болады.
Дөңгелек столда өз ойын ортаға салған қатысушылардың баяндамаларын мына сілетемені басу арқылы көре аласыз:

Обзор состояния отечественных научных журналов на основе Казахстанской базы цитирования

Научные журналы ЕНУ имени Л.Н. Гумилева, индексируемые в международных наукометрических базах данных

Рекомендации Springer Nature по улучшению качества казахстанских журналов

Лицензия ElPub как комплексное решение для поддержки и продвижения электронной версии научного журнала

Чем опасны журналы открытого доступа?

Современный международный научный журнал: советы для издателей, редакторов и авторов

Обзор состояния отечественных научных журналов на основе Казахстанской базы цитирования

Форма для рассмотрения журнала экспертами компании Pleiades и экспертами издательства Springer Nature

«ҰМҒТСО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі

2384
Қатысушылар
Қатысу