Айтулы шара

23.02.2017 Нұрсұлтан Назарбаев: «Ғылымның қарқынды дами беруіне жағдай жасаймыз»

Соңғы 3 жылда ғылымға 100 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл ұстанымнан айнымай, ғылымның қарқынды дами беруіне жағдай жасай беретін боламыз, – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына арналған ҚР ҰҒА-ның Жалпы жиналысының салтанатты сессиясында.
– Бүгінгі мерейлі сәтте біз Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды ғұламаларымызды атап өтуіміз қажет. Тәуелсіздік жылдарында ҰҒА алдыңғы буынның абыройлы ісін жалғастыра білді. 25 жылда ғылыми ұйымдардың саны 2 есеге көбейіп, 300-ден асты. Ғылымды қаржыландыру жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы 3 жылда ғана 100 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл ұстанымнан айнымай, ғылымның қарқынды дами беруіне жағдайды жасайтын боламыз. Әлемнің дамыған 30 еліне қосылу жолында сіздерге зор үміт артылады. Осы алдымызға қойған мақсатымызға жету үшін мен Қазақстанның 3-ші жаңғыруы туралы Жолдауымда 5 басымдықты айқындап бердім. 21 ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры. Әсіресе, қолданбалы ғылымның көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын көріп отырмыз. Ғалымдарымыз да жаңа көкжиектерге көз тігіп, зерттелмеген кеңістіктерді игеруі тиіс. Біз әлемдік жаңа технологияларды игеріп өзімізге бейімдеуіміз керек. Мен академиктермен кездесуімде дүниеде болмағанды ашу нағыз революция болар еді, бірақ дүниеде бар нәрсені Қазақстанға әкеліп бейімдеу, ол да ғылым деп айтқан болатынмын. Ғалымдарымыз осы іске белсенді атсалыусы қажет. Сондықтан, дәуір сұраныстарына сай, олар ғылыми көзқарастарын қайта қарауы керек. Біз өнеркәсіптік ғылымның қажеттігін ескере отырып, гуманитарлық салаға да ұмтылуымыз керек, – деді Елбасы.
Елбасы еңбек өнімділігін ары қарай арттыруға ғылым жетістігін тартуды ұсынып, бұл бағыттағы жұмыстарды атқаруда Алматы облысындағы «Байсерке» шаруа қожалығын үлгі ретінде атады.
– Темірхан Досмұхамедов жетекшілік ететін «Байсерке» қожалығы шағын кәсіпорыннан салмақты компанияға айналды. Онда академиктер жұмыс істейді, олар білімін салып, өз қолдарымен ғажайып көрсетіп жатыр. Бидай өсімі гектарына 50 центнерге жетеді. Біз 13 центнер алған күндері қуанамыз. Еңбек өнімділігі артып келеді, бірақ ары қарай ғылымды іске қоспасақ ол ары өспейді. Бұл жерде ғылымды кәсіпорындарға араластыру мәселесі бар. Мұндай механизм жеке бизнестің міндетті қаржыландыруы арқылы болуы керек. Мысалы, Сингапурде ғалымға бизнестен қанша тапса, сонша қаржы беретін ереже бар. Солай болуы керек. Осындай жолмен ғана патенттеудің үлесін арттырып, ғылымға құйылатын жеке инвестицияны көбейтуге болады. Қолданбалы табыстардың негізі қозғаушы күші жеке сектор болуы қажет. Біздің алдымызда импортты алмастырып, экпорттық өндірісті дамыту міндеті тұр, – деді Н.Назарбаев.


Дереккөзі: inform.kz

2234
Қатысушылар
Қатысу