Ғылыми жаңалықтар

Ғалым Болат Бейсембаевты еске алуға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

28.09.2018

3834

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде белгілі ғалым металлург, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Болат Балтақайұлы Бейсембаевты еске алуға арналған «Түсті, сирек және асыл металдарды өндірудің тиімді технологиялары» атты металлургия ғылымы мен өнеркәсібінің мәселелеріне арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жалғасып жатыр.
Саналы ғұмырында 250 атаулы еңбек жазып қалдырған Болат Балтақайұлы көрнекті ғалым, шәкірттерін ғылымға баулыған ұстаз ретінде әріптестері мен ізбасарларының жадында мәңгі сақталатыны анық. Ғалымның туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға металлургия саласында ізденіс жасап жүрген зерттеушілермен қоса, көршілес Ресейдің ҒЗИ-нан да көптеген ғалымдар келіп қатысты.

 

Конференция барысында Қ.И.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғылым жөніндегі проректоры, «Металлургия және кен байыту институтының бас директоры – Басқарма Төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Кенжалиев Бақдаулет Кенжалыұлы баяндама жасап, металлургия саласын дамытуға арналған инновациялық технологиялар туралы ойымен бөлісті.
«Қазіргі кезде металлургия саласының ең маңызды мәселесі кендердің, техногенді қалдықтардың және қайталама шикізаттың құрамында болатын түсті, сирек және сирек жер металдарды максималды толық бөліп алуға мүмкіндік беретін инновациялық технологияларды жасау және өндіріске енгізу болып табылады.
Негізгі түсті металдарды жалпылай бөліп алуды арттыру міндеті – түсті металлургияның бір тармағы болатын «Қазақмыс Смелтинг» ЖШС-ның мыс өндіретін Балқаш және Жезқазған зауыттарындағы өзекті мәселе. Селеннің өндірілетін көлемінің 30 %-на дейін мөлшері техногенді қалдықтармен жоғалады. Мыс зауыттарының күкірт қышқылы өндірісінің шламдарынан селенді алу технологиясы жоқ, сондықтан оларды үйіндіге жібереді. Кәсіпорында негізгі компонентті 90% болатын тазартылмаған селен алынады, ал құны бірнеше есе артық тазартылған селен өндірілмейді, себебі технология жоқ.
Бүгін қиын өңделетін, минералдық құрамы жағынан күрделі алтынқұрамды кендерден шамамен 70% алтын алынады. Бағалы металдың алынуын арттыру үшін біріктірілген технологияларды, жаңа тиімді флотореагенттерді және заманауи қондырғыларды пайдалану қажет», – деп металлургия саласының күрделі мәселелері туралы ойын ортаға салды.
Сонымен қатар Металлургия және кен байыту институтының ғалымдары аталған мәселерді шешудің келесі жолдарын да ұсынды.
«Біздің ғалымдар ұсынған техникалық шешімдер «Қазақмыс Смелтинг» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытының қождарындағы (қалдықтарындағы) мыстың мөлшерін қолданымдағы 1,0% көрсеткіштен 0,7 %-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді, бұл өңделетін концентраттардың көлемін үлкейтпей-ақ құны 60 млн. USD болатын қосымша 12 мың тонна мыс алуға мүмкіндік береді.
«Қазақмыс Смелтинг» ЖШС-ның күкірт қышқылы өндірісі шламдарынан элементтік селен алудың тиімді технологиясы жасалады, жылына құны 200 мың USD 4 т селен алу қамтамасыз етіледі.
«Қазақмыс Смелтинг» ЖШС кәсіпорнында МжКБИ-да (Металлургия және кен байыту институты) жасалған негізгі компоненттің мөлшері 99,5 % таза селен алудың реагентсіз вакуум-дистилляциялық технологиясының өнеркәсіптік апробациясы бойынша жұмыстар жоспарлануда. Технология енгізілгенде жылына құны 2 340 мың USD маркасы СТ1 60 т таза селен алуға мүмкіндік туады», – деп қорытты сөзін.

 

Конференция барысында еліміздің металлургия саласының өнеркәсіптік кәсіпорындарының нақты ғылыми-техникалық мәселелерін шешуге бағытталған мәселелер көтеріліп, оны шешудің нақты жолдары ұсынылды.

«ҰМҒТСО» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі

«« | »»
Соңғы жаңалықтар