Ғылыми жаңалықтар

Boyce Thompson институты: Алманың отаны − Алатау

28.08.2017

6093

Boyce Thompson институтының ғалымдары алманың отаны қазақ даласы екенін мәлімдеп отыр. Олардың жүргізген зерттеуіне сәйкес, Алатаудың баурайында ғана өсетін Сиверс тұқымы шартараптың түкпір-түкпіріне тараған алманың атасы саналады екен.
Ғалымдар алма түрлерінің ДНК тізбегін зерттеп, олардың шығу тегіне үңіліп көріпті. Са­раптама нәтижесі жеңсік же­містің қазақ топырағынан шық­қанын көрсеткен. Олардың хабарлауынша, күнделікті жеп жүрген алма түрлері әлемге Ұлы Ж­ібек жолы арқылы тарап, әр мезгілде түрлі өзгерістерге ұшырап отырған көрінеді.
Nature Communications ғы­лыми журналына жарияланған мақалаға сүйенсек, қазіргі таң­да алманың көне түріне жататын бірнеше тұқым бар. Boyce Thompson институтының зерт­теушілері соларды қосқанда алманың 117 түріне сараптама жүргізіпті. Тіпті, Еуропа мен Қытайдағы алмалардан бөлек, олардың Америкада өсетін «аталастарын» да зерттеу нысанына қосыпты. ДНК сараптамасы солардың бәрі Алатаудың баурайында ғана өсетін Сиверс тұқымына тиесілі екенін дәлелдеген. Ғалымдар алманың дәмі мен көлемінің өзгеруін оның түрлі жағдайда өсуі мен көп­жылдық эволюцияның әсері екенін айтып отыр.
Зерттеу жүргізуге мұрындық болған Boyce Thompson институтының профессоры Джангжун Фейдің пікірінше, алманы жерсіндіру екі бағытта жүрген. Ғалым 10 мың жылдай бұрын Ұлы Жібек жолымен Қытайға және Еуропаға бағыт алған керуен қызыл жемісті өздерімен ала кеткендігін айтады. Бұған дейін бірнеше зерттеу жұмыстарында да алманың отаны Алатау екені хабарланған болатын.
Сондай жұмыстардың бірі Nature Genetics журналына жарияланды. Сиверс алмасы туралы ең алғаш жазған неміс ғалымы Иоганн Сиверс болатын. Жеміс атауының зерттеуші атын алуы да сондықтан. Профессор Аймақ Жанғалиевтің деректері бойынша, Сиверс алмасы негізінен Жоңғар Алатауында, Іле Алтауында, Қаратауда, Талас Алатауында, Тарбағатайда кең тараған.
Бүгінгі таңда аталған жеміс түрі жойылып кетудің алдында тұр. Алма заманауи ас мәзірінде ең көп кездесетін жеміс саналады. Бүгінгі таңда әлем бойынша 85 миллион тоннаға жуық алма өндіріледі екен. Кофенің отаны Бразилия, жүгері Америкадан тараған деп жатамыз ғой. Сол тізімге алманың отаны Алатау екенін қосу артық етпейді.
Бірнеше жыл бұрын Қазақстанды әлемге танытатын бренд төңірегінде біраз пікірталас болған еді. Бірі «Алтын адамды» ұсынса, келесісі қазақтың қара домбырасын жөн көрді. Дегенмен, кейінгі кезде жүргізілген ғылыми-зерттеулер Қазақ елінің брендін анықтап берген тәрізді. Ендеше, бүкіл әлем мойындаған алманы Қазақстанды әлемге танытатын брендке айнал­дыратын күн туды. Абай Асанкелдіұлы, «Егемен Қазақстан»

Дереккөзі: egemen.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар