Ғылыми жаңалықтар

Биотехнология, генетика және өсімдіктер селекциясы талқыланды

10.07.2017

5479

Таяуда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында екі күн бойы кең көлемдегі бағдарламаға орай биотехнология және ауыл шаруашылығы дақылдары селекциясы саласындағы жетекші ғалым, академик, марқұм Оңал Шегебаевтың 70 жылдық мерейтойына байланысты еске алуға арналған «Биотехнология, генетика және өсімдіктер селекциясы» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Бұл аталмыш үлкен басқосуға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, алыс және жақын шетелдердің, Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының, сан-салалы ғылыми зерттеу институттарының, ауыл шаруашылығына қатысты мекемелердің өкілдері мен агроөндірістік кешендердің жетекшілері мен еліміздегі белгілі ғалымдар қатынасты.
Конференцияның белгіленген жоспары бойынша бірінші күні қадірлі қонақтарды институтқа қарасты ғылыми егістік алқаптарды егжей-тегжейлі таныстырумен басталды. Нақты дәлелдерге сүйеніп айтар болсақ, институттың жалпы көлемі 259 гектар егістік алқабы бар екен. Мұның дәнді дақылдар бойынша 182 гектарына күздік бидай, 4 гектарына күздік арпа, 6 гектарына жаздық бидай, 45 гектарына жаздық арпа, 3 гектарына сұлы, 12 гектарына жүгері, 7 гектарына асбұршақ орналастырылса, майлы дақылдар бойынша 6 гектарға мақсары, 37 гектарға майбұршақ, 5 гектарға қант қызылшасы орналастырылған. Бұдан басқа мұның сыртында 105 гектарға азықтық көпжылдық, 79 гектарға 1 жылдық шөптер жайғастырылған. Сонымен қатар көптеген жерлерге ғылыми тұрғыдан тәжірибеден өтіп жатқан алуан түрлі дәнді дақылдар егілген.


Мәні мен маңызы бөлек осынау алқаптардағы өнімдердің қыры мен сырына қаныққысы келген арнайы қонақтарға институттың егіншіліктегі дәнді дақылдар бөлімінің аға ғылыми жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі Рақым Оразалиев, биология ғылымының докторы Мұхтар Құдайбергенов, биология ғылымының кандидаты Қалдарбек Жүндібаевтар әрбір егістік алқаптың барысы жайында жан-жақты түсініктемелер беріп, қонақтар тарапынан қойылған сұрақтарға анық та қанық жауаптарын қайтарып отырды. Ғылыми тұрғыдағы егістік алқаптардан көкіректеріне көп жайларды түйіп қайтқан ғалымдар тобы бұдан кейін институттың зертханалық жүйелерінің жай-жапсарымен де жан-жақты танысып шықты. Мұндағы қызметкерлердің мұнтаздай мұқияттылықпен жүргізіліп жатқан жұмыстарына олар дән ризашылықтарын білдірді.
Бекітілген күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық мәжілісі жалғасын тапты. Атаулы алқалы жиынды институттың Бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық ғылыми академиясының және Моңғолия аграрлық ғылым академиясының академигі, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі Серік Кененбаев кіріспе сөз сөйлеп ашты. Серік Барменбекұлы өз сөзінде әңгіме арқауына айналып отырған Биотехнология және ауыл шаруашылығы дақылдары селекция саласындағы жетекші ғалым, академик Оңал Шегебаевті еске алу құрметіне арналып отырған «Биотехнология, генетика және өсімдіктер селекциясы» төңерегіндегі өзекті де өткір мәселелерді тіліне тиек етіп, бұл бағытта институт ғалымдарының атқарып жатқан айтулы жұмыстарын да назарынан тыс қалдырған жоқ. Бүгінгі конференцияға өзара тығыз байланыстағы, жақын шетелдегі Украина мен Ресейден де қадірлі қонақтар қатынасып отырғанын ықыласты пейілмен қадап айтты.
Серік Барменбекұлы айтуынша бүгінгі конференцияның негізгі мақсаты – тақырыбының өзі айтып тұрғандай биотехнология, генетика және өсімдіктер селекциясын таразы талқысына салу екендігіне тоқталды. Ең бастысы биотехнология өндірісте жоғары дәрежеде ғылыми деңгейде лайықты орын алады. Бұл деген экономиканың тиімділігін дамытуға ерекше әсерін тигізеді. Екіншіден, технологияға негізделген клеткалар мен биологиялық молекулаларды пайдалану, табиғаттың әртүрлі қолайсыздықтарынан шығуға үлкен мүмкіндіктер ашады, биотехнологияның негізі қаланған зерттеулерде құптарлық бағдарламалық көрініс табады және тәжірибелік әлеуеттілігімен де маңызды екендігіне нақтылы ой-толғамдарымен қысқа әрі нұсқалық түйіндер жасады. Қазақстанда биотехнологияның дамуы ғылыми-техникалық саясатта негізгі бағыттардың бірі болып табылатынына жанды мысалдарын көлденең тартты.
Сондай-ақ, Серік Барменбекұлы конференция жұмысының биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылымының академигі, селекция мен биотехнологияның жетекші ғалымы, егіншілік мәдениеті мен ғылымының ұтқыр ұйымдастырушысы Оңал Шегебаевтың 70 жылдық мерейтойымен орайлас өтіп отырғанына да ерекше тоқталып, марқұмның көзі тірісінде институтта ғылыми негізде ізденіске толы жұмыстар атқарғанын, жас ғалымдардың ұлағатты ұстазы болғанын ризашылық сүйіспеншілікпен әңгімеледі. Оңал Шегебаевты бүгінгі еске алуға отбасының, тума-туыстарының, дос-жарандарының қатынасып отырғанын да хабардар етіп өтті. Олардың тұлғалы ғалым, отбасының ұйытқысы, қимас бауыр туралы «Жұлдызы жанған жан еді» атты кітапты жарыққа шығарып үлгергенін де жан сезімімен жария етті. Бұл кітаптың тұсаукесер рәсімі конференция барысында болатынын да ескертті. Серік Кененбаевтың бұл қуанышты хабарын қатынасушылар қошеметпен дүркірете қол соғып тұрып қабылдады. Институт директоры адамның көңілі толарлық біраз жайларға ден қойып, ұтымды ұтқырлықпен шолып айтты.
Бұдан кейін сөз алған «Экономика» институтының Бас директоры, Білім және ғылым министрлігі мен ҚР ҰҒА академигі Әзімхан Сатыбалдин, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Болатхан Махатов, Украинадағы биоэнергетика мәдениеті және қант қызылшасы НААН институтының директоры Николай Владимирович Роик, Ресейдегі А.Л.Мазлумова атындағы Бүкілресейлік қант қызылшасы және қант ҒЗИ бас ғылыми қызметкері Анатолий Васильевич Корниенколар сөйлеп, өздерінің орнықты ойларын ортаға салды. Содан кейінгі сөз кезегі пленарлық баяндамаларға жалғасты.
Ондағы НААНУ және РАН, ҚР ҰҒА академигі Рахым Оразалиев, Украинаның НААН академигі Николай Роик, Микробиология және вирусология институтының Бас директоры Амангелді Саданов, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі Серік Кененбаев, Ресейдегі А.Л.Мазлумова атындағы Бүкілресейлік қант қызылшасы және қант ҒЗИ фертильдік негіздегі қант қызылшасы селекциясы зертханасының меңгерушісі Анатолий Корниенко, Қазақстандағы СИММИТ өкілі, ҚР АСХН академигі Мұрат Қарабаев, Биология және өсімдік биотехнологиясы институтының Бас директоры Қабылбек Жамбакин, Қазақ өсімдік карантині және қорғау ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры Абай Сағитов, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының малазықтық және майлы дақылдар бөлімінің меңгерушісі Ғалиолла Мейірман, Мал шаруашылығы және азықтық өндірісі ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі Әбдірахман Омбаев, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры Теміржан Айтбаев, Өсімдік биологиясы және биотехнологиясы институтының зертхана меңгерушісі Назира Бишимбаевалардың жасаған баяндамалары нақтылығымен, тұжырымды да түсінікті болуымен көпшілікті баурап алды.
Маңызды мәселелерді сарапқа салуымен жиналған қауымның көңілінен шыққан бұл конференция кімнің болса да жүрегіне жылы әсер қалдырды. Ғылымның қандай бағытта берік сеніммен жарқын із қалдырып келе жатқанын жан жадырататындай етіп көрсетті. Қатынасушылар соған риза болды. Мерейі үстем болып жүрген институттың бұл бекемдікпен басып өткен тағы бір бедерлі жолы бар берекенің белгісіндей белесі болды...

Қанат ТӘКЕБАЕВ, журналист
Қарасай ауданы.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар