Ғылыми жаңалықтар

ҚазҰТЗУ ғалымы Қазақстанның климаттық жағдайына сай күнен қуат өндіретін фотомодуль ойлап тапты

28.03.2017

5717

Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ғалымы Шыңғыс Садырбаев «Кіші қуатты күн фотомодульдерінің тиімділігін жоғарылату әдістерін жетілдіру» тақырыбы аясында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, Қазақстан климатына қолайлы күн фотомодульді жан-жақты жетілдіріп, тиімділігін арттырды, – деп хабарлайды «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.
Қазір әлемде күн энергетикасының алатын қуат көзінің үлесі өте аз. Сол себепті ғалымдар күн көзінен алынатын қуат көзінің көлемін арттыру мақсатын көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы ретте қазақ ғалымдары да еліміздің географиялық ерекшелігін ескеріп, бұл бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.



ҚазҰТЗУ PhD докторы Шыңғыс Садырбаев өзінің зерттеу жұмысында Қазақстанның континентальды климат аясында жылдық күндік уақыт шамамен 2200- ден 3000 сағатқа дейін созылатынын ескеріп, күн энергетикасын ел аумағында тиімді бағытта дамытудың маңызы зор екенін тоқталған. Ол ғылыми-зерттеу жұмысы арқылы Қазақстан аумағында күн энергетикасының дамытудың барлық алғышарттары бар екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді.
Қазақстан күн фотомодульдерін (ФМ) дайындап шығаруға қажетті арнайы кварцтік шикізаттың жалпы қоры 267 млн.тонна болатын болса, өте сирек кездесетін галлий, кадмий, германий және мышьяк сияқты минералдар да жеткілікті қоры бар. Ендігі кезекте сол құрал-жабдықтардың күн көзінен қуатты молынан өнідіруіне күш салуымыз керек.
Бүгінде күннен қуат көзін өндіретін фотомодульдердің пайдалы әсер коэффициенті 15-22% аралығын қамтитыны белгілі. Ғылыми-техникалық прогресс тұсында бұл көрсеткіштің едәуір арттырудың мүмкіндігі бар екені белгілі. Оның үстіне бұл бағыттағы жұмыстарға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Сондықтан қазақ ғалымдарының бұл бағытта жұмыс істеп, Қазақстанның климаттық жағдайына сай фотомодульдер шығарудың маңызы зор.
Қазақстан 2020 жылға қарай баламалы энергия көздерінің жалпы энергобалансында 1%-дан 3%-ға өсіруді көздеп отыр. Жобалық лимиттерге сәйкес күн электрлік станциясы (КЭС) – 500 МВт, оның 400 МВт-ы орталық аймақтар үшін болса, 100 МВт-ы батыс аймақтарында орналастыру жоспарланған.


Ғалымдар Қазақстан аумағында жыл сайын күн көзінен 2,5 млрд кВт/сағ. Электр қуатын өндіретін әлеуетке ие екенін алға тартуда. Бұл орасан зор қуат көзі. Сондықтан отандық ғалымдардың бұл бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ жеріне арналған фотомодульдер дайындауы стратегиялық бағыт деп бағалауға болады.
ҚазҰТЗУ ғалымы Шыңғыс Садырбаев өзінің заманауи фотомодульдер арзан, эксплуатациялау және монтаждауы қарапайым, тұтынушыларға қолжетімді, экологиялық таза болуына баса мән берген. Осылайша ұзақ уақыт еңбектенген ғалым өзінің көздеген мақсатына жету жолында екі осьті күн жол жүрісін бақылайтын автоматты жүйе мен күн фотомодульінің тиімділігін арттыратын тегіс айна беткейлерінің оптималды өлшем бірліктерін есептеп анықтаудың тың тәсілдерін есептеп шыққан. Сонымен қатар фотомодульдің беткейін жоғары температурадан қорғайтын, Пельтье элементі негізінде суытушы жүйесін ойлап тапқанын айрықша айта кетуіміз керек. Ғалым ғылыми-зерттеу жұмыс барысында фототехника мен фотовольтаика бойынша фундаменталды негізгі мәліметтік ақпараттары қолданылған.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар