Ғылыми жаңалықтар

Әл-Фараби атындағы университетте «ТҮРКСОЙ» ұйымының кафедрасы ашылды

10.03.2015

4880

Алматыда «Алматы - Ислам мәдениетінің астанасы-2015» бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде «ТҮРКСОЙ» кафедрасы ашылды.
«Бұл кафедра - Қазақстан мен бүкіл түркі елдері арасындағы алтын көпір іспеттес болады. Мұнда тілтану, түркітану, әдебиеттану, тарих, саясаттану, философия және мәдениеттану салаларында түрлі ғылыми зерттеулер жүргізілетін болады. Сонымен қатар, басқа да түркі әлемі елдерінің жоғары оқу орындарымен осы салада бір семестрге студенттер алмасып тұратын боламыз» - деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов.

Өз кезегінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов бұдан былай түркі әлемімен байланыс бір жүйеге қойылатындығын жеткізді.

«ТҮРКСОЙ-ды түрік әлемінің ЮНЕСКО-сы деп атауға болады. ЮНЕСКО-ның өз кафедралары, бірлестіктері бар ғой. Соған қарап біз де мінеки, осындай кафедраны және оның жанынан Ғылым, білім және мәдениет орталығын аштық. Мұндай орталық басқа елдерде жоқ. Қазір «ТҮРКСОЙ» аясында маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Түркітану бойынша тамаша ән байқауы ұйымдастырылып жатқандығын өздеріңіз білесіздер. Биыл Түркіменстанның Мары қаласы - түрік әлемінің астанасы атанды. Онда енді жыл бойы түркітану тақырыбына қатысты түрлі мәдени шаралар өткізілетін болады. Бұл шара 2012 жылы қолға алынған-ды. Ол жылы елордамыз түрік әлемінің астанасы болып атанған еді», - деді Д. Қасейінов.

Бүгінгі шараға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстанның Қазақстандағы елшіліктері мен консулдықтарының қызметкерлері, Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында құрылған түркітілдес этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сонымен қатар ҚазҰУ ғалымдары, оқытушылары мен студенттері қатысты.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар