Ғылыми жаңалықтар

Біздің жастардың арасында Билл Гейтс сияқты инноваторлар, Абай Құнанбайұлы сияқты философтар жүр - Ә. Жақсыбеков

21.01.2015

6741

Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков дарынды балалармен - елорда мектептерінің оқушылары, республикалық және халықаралық олимпиада, түрлі конкурстар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарымен кездесті.

Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады. Кездесу бейресми жағдайда өтті. Шараның тізгінін де оқушылар өз қолдарына алды.

Жас физиктер, математиктер, информатиктер, архитекторлар, суретшілер, эколологтар мен спортшылар елорда басшысына өздерінің табыстары мен жетістіктері жайында әңгімелеп, болашақ жоспарларымен бөлісті.

Әкім қызыққа толы кездесу үшін балаларға алғысын білдіріп, көптеген сұрақтарына жауап берді. Және спортпен, дене шынықтырумен шұғылдану олардың денсаулығы мен қалыпты дамуына әсері мол екенін естеріне салды.

Қала әкімі жас көшбасшыларды қол жеткізген нәтижемен шектелмей, одан әрі алға басуға шақырды.

«Біздің жастардың арасында Билл Гейтс сияқты инноваторлар, Абай Құнанбайұлы сияқты философтар, Қаныш Сәтбаев сияқты ғалымдар, Мұхтар Әуезов сияқты жазушылар жүруі мүмкін.

Сендердің оқып, білім алуларың үшін, жетіліп, дамуларың үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес бірегей Оқушылар сарайы салынды, білім беру гранттарының саны артты, шәкіртақының көлемі ұлғайды, әлемдік деңгейдегі университет бой көтерді, интеллектуалды мектептер салынды, «Болашақ» бағдарламасы қабылданды, бұл бағытта әлі де қыруар жұмыстар жүргізіле беретін болады.

Сендер - біздің Елорданың жарқын өкілісіңдер, Ел сендермен мақтануы керек. Бүгінгі таңда 67 мыңнан астам астаналық оқушылар түрлі деңгейдегі ғылыми-шығармашылық сайыстар мен олимпиадаларға қатысуда. Астана қаласының оқушыларынан құралған топ 7 жыл қатарынан бірінші орындар мен атақтарға ие болып келеді. Оған қоса, жақында өткен О. Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада біздің балалар математика мен физика, информатикадан жүлделі орындарға ие болды. Сендердің болашақтарыңның жарқын болуы - бұл қаламыздың, тұтас еліміздің болашағының жарқын болуы деген сөз», - деді ол.

Сөз соңында Ә. Жақсыбеков «Сендерге тек сәттілік пен жеңістер тілеймін!» - деп жас жеткіншектерге өз тілегін білдірді.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар