Ғылыми жаңалықтар

Теориялық информатика кафедрасының профессоры А.Ә. Шәріпбай Қытайда дәріс оқыды

21.01.2015

7532

2015 жылдың 11- 13 қаңтар аралығында «Жасанды интеллект» ғылыми-зерттеу институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, ақпараттық технологиялар факультетінің теориялық информатика кафедрасының профессоры Алтынбек Әмірұлы Шәріпбай Қытайдың екі жоғары оқу орны, яғни Бейжің университеті және Бейжің технологиялық университетінде болып, дәріс оқыды. Дәріс тақырыбы - «Қазақ тілін компьютерлендіру мәселелері және қазақ тілінің грамматикалық ережелерінің формалды моделі», ол Қазақстандағы компьютерлік лингвистика және сөйлеу технологияларының дамуы мен болашағы, оның ішінде қазақ тілінің жазбаша және ауызша сөйлеуін тану және тудыруды автоматтандыру туралы мәліметтерді қамтиды.

Сонымен қатар профессор А.Ә. Шәріпбай Бейжің технологиялық университетінің информатика және технология мектебінде болып, жасанды интеллект және компьютерлік лингвистика бағытында бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасау мәселелерін талқылап, нәтижесінде қазақ-қытай машиналық аудармашысын бірге жасау бойынша жұмысты бастауға шешім қабылданды. «Жасанды интеллект» ҒЗИ қызметшілері бұл бағыт бойынша Бейжің технологиялық университетінің информатика және технология мектебімен ынтымақтастыққа материалдарды даярлауды бастап та кетті.

Дереккөзі: enu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар