Ғылыми жаңалықтар

Бағила Жылысбайқызы: «Ғаламдық жылынудың себептерін ағаш діңдеріндегі сақинадан анықтаудамыз»

06.02.2017

6089

Ғаламдық жылыну процесі басталғалы әлем ғалымдары оны қалай тоқтату қажеттігін ойлап, әртүрлі жолдарын ұсынып келеді. Кей ғалымдар мұның себебін ауаға таралатын парникті газ мөлшерінің артуымен байланыстырса, енді бір топ ғалымдар ағаштарды жаппай кесу, табиғаттың бергенін үнеммен пайдаланбау салдары деп санайды. Ал Қазақ орман шаруашылығы және агромелиорация ғылыми-зерттеу институтының (ҚазҒЗИОА) жетекші ғылыми қызметкері, а.ш.ғ.к. Майсутова Бағила Жылысбайқызы климаттың өзгеруін қылқанды орман ағаштарын зерттеуден бастаған.


Халықаралық деңгейде айналысып жатқан жобаларыңыз климаттың өзгеруін дендрохронологиялық талдау әдістерімен анықтауға бағытталған екен. Жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр?
– Бүгінде климаттың табиғи хронологиясын және әртүрлі ағаш материалдарының тарихын анықтау дендрология ғылымының үлесіне тиіп отыр. Дендрология ғылымының құдіреті де сол – ағаштардың сақинасынан сол кезеңнің климаттық тарихын қарай отырып ғаламдық жылынудың себептерін анықтау және одан шығар жол ұсыну. Әлем елдері бойынша бұл бағытта ірі зерттеулер өткен ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Дүниежүзі бойынша 60 шақты зертханада 2 млн.-нан астам дендроүлгілер дайындалып, нақты шкалалары құрастырылған. Ал дайындалған хронологиялары, ағаш индекстері Аризона университетінің Туссон қаласында жылдық сақиналарды зерттеу зертханасында жинақталады.
Кеңестік кезеңде биологтар бұл жайында аз-кем мағлұмат бергенімен, жан-жақты зерттеулер жүргізілмеген. Қарапайым ғана мысал, біз Іле Алатауындағы шырша ағаштарының жасының қаншада екенін білмейміз. Ал біздің зерттеуіміздің арқасында әр аймақтардағы ағаш түрлерінің жастары анықталды, сақиналарына қарап отырып қай жылы сел немесе қуаңшылық болғанын болжай аламыз. Ағаштар да адам секілді қоршаған ортаның қолайсыздығын тез сезеді. Егер де сақиналарының арақашықтықтары бірдей болса, сол жылдары климат өте жайлы болып, ағаштар да жайқалып, бірқалыпты өскен. Егер де қуаңшылық болып, ағаштар табиғаттан қатты стресс алса, екі жылдың сақиналары бірігіп те кетеді екен.
– Мұндай әдістермен зерттеу жүргізуге қажетті аспаптар бізде бар ма?
– Дендрологиялық әдіс бойынша ағаштардың климаттық тарихын анықтауды Екатеринбург қаласында оқып-үйреніп келдім. Бірақ келген соң арнайы құрал-жабдықтар болмағандықтан не өзім зерттеу жүргізе алмадым, не өзге ешкімге үйрете алмадым. Өйткені бізде материалдық-техникалық база жоқ. Өмір бойы осы салада зерттеу жасап жүрген АҚШ-тың Аризона штатынан келген ғалым Ирина Панюшкинамен кездейсоқ кездесіп қалдық. Осылайша бірлесе таудың ұшар басында, өзен жағасындағы ағаштарды таңдап алып зерттеу жүргізе бастадық. Ал ағаштардың үлгілерін алуда арнайы аспапты Аризоналық әріптестерімізден алдық. Мәселен, ағаштың климаттық тарихын білу үшін арнайы бұрғы арқылы ағашты бұрғылаймыз. Өзегіне жеткенде кері қарай бұрап тартамыз. Ағаштың сыртқы қабығынан өзегіне дейінгі сақиналар бұрғымен бірге шығады. Алынған үлгі сынып кетпес үшін жұқа ағаштарға жапсырып қоямыз. Осы үлгілерді Қытай зертханасында зерттедік. Бүгінде алғашқы мәліметтерді қолымызға алдық. Зерттеу нәтижелерін Қытай елінде алуымыздың да сыры бар. Біз осы сала бойынша өз жұмысымызды бастағаннан кейін келесі жылы көршілес Қытайдың ғалымдары Алматыға дендрохронологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге келді. Қытайлықтар бұл салада бізден әлдеқайда көш ілгері екен. Өз елдерінде зерттеуді аяқтап, енді Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан елдерін зерттеуге келген. Аспаптары мен аппараттары да дайын, бұрыннан айналысып жүрген ғалымдар болғандықтан бірлесе жұмыс жасауға келістік. Қытай ғалымдарынан үйренеріміз көп, өйткені бұл – біздің елімізде әлі зерттелмеген сала.
– Алғашқы мәліметтерді алдық дедіңіз, сол қолда бар ақпараттарға қарап бір қорытынды жасауға бола ма?
– Алғашқы нәтижелер бойынша Іле Алатауындағы қылқан жапырақты ағаштардың жасы 250 жыл екенін анықтадық. Бұл мәліметтерге қытайлықтар аса қанағаттанбаған секілді. Олар үшін маңыздысы 300-350 жылдық тарихы бар ағаштарды табу екен. Өйткені кәрі ағашты тапқан сайын оның беретін мәліметі көп болады. Бұл жұмыс әлі жүріп жатыр, әлі зерттеп келе жатырмыз. Наурыз айында тағы да қолда бар мәліметтерді Қытайға алып бара жатырмыз, мүмкін, 250 жастан жоғары ағаштарды тапқан болармыз. Ақпараты көп ағаш түрлерін тапқан сайын, климаттың қалай өзгергенін, бұрын мұндай жылыну процестерінің болған-болмағандығын анықтай аламыз.


– Қытайлық ғалымдардың біршама ғылым саласына қызығушылық танытып отырғанын білеміз. Өзге елдің ғалымдары үшін зерттеу жасау үшін қаржы жеткілікті деңгейде бөлінеді, ал біздің ғалымдарымыз үшін бірлескен халықаралық жобаларды бірге жүргізудің пайдасы бар ма?
– Ғылымның дамуына және оның өндірісте іске асуына жеткілікті деңгейде қаржы бөлінсе, елдің экономикалық, әлеуеттік жағдайының жақсаратындығын әлем тәжірибесі көрсетіп берді. Мысалы, Оңтүстік Кореяда Бүкіләлемдік тұқым банкі бар. Жер бетіндегі дерлік барлық өсімдіктердің, тіпті жойылып кеткен өсімдіктердің тұқымдары сақталған. Бүгінгі есеп бойынша 500 мың өсімдіктің тұқымы бар. Бұл – адамзатқа деген құрмет деп білемін. Өйткені сол тұқымдар жер сілкініп, топан су қаптаса да қалады. Жер бетіндегі тіршілік жойылса сол тұқымдардан таралады деп есептейді. Бұл – болашақ ұрпақ игілігі үшін ғылымның бір ғана саласының қызметі.
Қытай ғалымдарымен бірлесіп Шымкент, Жамбыл облыстары аймақтарында өсетін аршаны зерттедік. Алғашқы үлгілерін алып, нәтижесін жібердік. Қорытындысымен алдағы уақыттарда танысатын боламыз. Ал өзімнің диссертациялық жұмысым ауаның ластауына арналған. Бүгінде сол тақырыбым бойынша Қытай география институтымен тығыз байланыстамыз. Қытай ғалымдары сексеуілдің құрғақта өсуін, оның биомассасын анықтады. Генетикалық қорды сақтау үшін былтырдан бері Оңтүстік Корея елінің ғалымдарымен бірлесіп Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында өсетін жабайы жеміс бақтарын қалпына келтіру бойынша зерттеуді бастадық. Аталған жобалардың барлығының шығынын шетелдік ғалымдар өтеді. Егер өзімізге қаржы жеткілікті бөлінсе біз де тау-тасты кезіп, алаңсыз зерттеумен айналысатын едік. Ондай күнге де жетерміз деген үмітіміз де жоқ емес.
Шетелдік ғалымдармен бірлесе жұмыс істеу өте үлкен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Олар біздің елге келгенде жер танитын, сол ғылым саласында ізденіп жүрген ғалымдарды іздейді. Ал біз өз кезегімізде жас мамандарды жанымызға ертіп аламыз, оларға табиғатта эксперимент жасау маңызды, мамандығына деген сүйіспеншілігі артып, стимул пайда болады. Ең маңыздысы алатын нәтижеміз бірге жасалады, зерттеу нәтижелерін көзімізбен көре аламыз.

– Аграрлық және биологиялық ғылым салалары бойынша жоғары импакт-факторлық көрсеткішке ие ғалымдардың бірі болдыңыз, «Ғылым көшбасшысы» атандыңыз. Сіздің ғылыми мақалаларыңыздың шетелдік ғалымдар арасында үлкен сұранысқа ие болып отырғандығының сыры неде?
– Бүгінде ҒЗИ-лар, ЖОО оқытушылары мен ғалымдар заман талабына сай индексі жоғары факторлы көрсеткіштері бар белгілі отандық немесе шетелдік басылымдарда мақала жариялауға міндеттіміз. Қазақстанда бұл процесс кең көлемде, өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқан жоқ. Ғалымдарымыз ғылыми жұмыстарының нәтижелерін алып жатқанымен оны әлемдік ғылыми ортада жариялауға келгенде белсенділік таныта алмай отыр. Тек Ресейдің немесе Қырғызстанның басылымдарына жариялауға ұсынады немесе өзіміздің елімізде жарық көріп жатқан журналдарда жариялауды құп көреді. Бірақ олардың импакт-факторлары өте төмен, кейбір ЖОО үшін импакт-фактор 0-ден жоғары болса болды.
Мен өз басым осыдан 5-6 жыл бұрын 0-дік импакт-факторды қанағат етіп жүргенмін. Жоғары сілтемеге ие болу үшін не істеу қажеттігі туралы көп іздендім, қаншама ғалымдармен кеңестім, бірақ ешкім жоғары сілтемеге қалай ие болу қажеттігін түсіндіріп бере алмады. Сосын өзім бірлесіп жұмыс жасап жүрген Қытай, Оңтүстік Корея, Аризона штатының ғалымдарымен кеңестім. Жалпы, шетелдік басылымдарға мақала жариялаудың өзі өте қиын. 30-40 бет жазған мақалаңның басылымның сараптамасынан өтпеуі де мүмкін. Өйткені рәсімдеудің өзіне өте жоғары талап қойылады. Оның үстіне жіберген мақалаңды жариялауға 1 жылдай уақыт кетеді. Осы қиындықтарға қарамастан 2015-2016 жылғы мақалалар бойынша аграрлық салада Қазақстан ғалымдары арасынан ең жоғары көрсеткішке ие болып, «Ғылым көшбасшысы» марапатын табыстады. Енді сол марапаттан кейін маған ғалымдарымыз қалай жариялағанымды қызығып сұрап, хабарласып жатыр. Оларға қолымнан келгенше көмектесіп жатқан жайым бар.
– Әңгімеңізге рақмет!


Арайлым БИМЕНДИЕВА, «МҰҒТСО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімінің бас маманы

«« | »»
Соңғы жаңалықтар