Ғылыми жаңалықтар

ҚР Vемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова институтта болды

14.12.2015

5176

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына келді. Сапар барысында Г. Наушақызы оқу ордасының ғылыми орталықтарының жұмысымен танысты. Сапар аясында сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев болды.

Қонақтар алдымен «Жерұйық» этнографиялық орталығын аралады. Онда ұлттық тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлер мен бұйымдар қойылған. 3D форматындағы аудиторияда кең дала, жайлау және киіз үй бейнеленген. Орталықтың басты мақсаты – Елбасының ел тәуелсіздігін баянды етудегі, халықаралық аренада Қазақстанның беделін арттырудағы ерен еңбегін насихаттау, ұлттық тарихымызды ұлықтау.

– «Елбасының кезекті «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауының басты міндеті – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Бұл үшін тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жарияланғанын да білеміз. Бұл – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. Сондықтан да бұл орталық өскелең жас ұрпақтың төл тарихын терең білуіне өз септігін тигізеді, – деді институт ректоры Дария Қожамжарова.

Мемлекеттік хатшының келесі аялдаған жері белгілі ғалым, әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметұлы басқаратын «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы. 2004 жылы ашылған орталық Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мұраларын жинау, зерттеу және басып шығару бағытымен айналысады. Бұған дейін ұлт мақтанышының көптомдық шығармалар жинағының 30 томы, Мәскеуден «Легендарный батыр» деген атпен естелік кітабы, Алматы қаласынан «Фотоқұжаттық альбомы» жарық көрді.

Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеумен айналысатын ғылыми орталықтағы атқарылған істермен жете танысқан Мемлекеттік хатшы төл тарихымызды терең зерттеп-зерделеуде осы тақылеттес орталықтардың атқаратын рөлі зор екенін атап өтті.

– Ғасырлар бойы азаттық пен тәуелсіздікті армандап, көптеген қиындықтарды басынан өткеріп бүгінгі бейбіт күнге жеткен халқымыздың тарихын жаңаша көзқарас тұрғысынан таразылау заңды құбылыс. Бұрын белгісіз болып келген «ақтаңдақтарды» зерттеу үшін арнайы шығармашылық мақсатта ғалымдар мен ұстаздар шұғылдануы керек, – деді, Г. Наушақызы.

Айта кетейік, Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау басты мақсаты болып табылатын орталықта бұған дейін 30-дан астам ғылыми еңбектер жарыққа шықты. Олардың қатарында «Қазақ хандығы» энциклопедиясы, «Тұрар Рысқұловтың биохроникалық күнделігі», «Жетісу Ресей империясының құрамында» және «Қазақ хандығы» монографиялары т.б. бар.

Дереккөзі: tarmpi.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар