Ғылыми жаңалықтар

Астанада кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері талқыланды

30.11.2015

4690

«Кәсіптік білім беру және бизнес: Серіктестер сұхбаты» қалалық форумы техникалық және кәсіптік білім беру, әлеуметтік серіктестіктің тиімді жүйесін жолға қою бойынша кәсіптік білім беруді жаңғыртудың басым жолдарының бірі болып табылатын сұхбат алаңы жүйесінің маңызды жыл сайынғы іс-шара болып табылады, деп хабарлады astana.gov.kz.
Іс-шара дәстүр бойынша кәсіби мамандардың назарын ерекше аударды. Қатысушылар мен шақырылғандар қатарында Астана қаласы әкімдігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, жұмыс берушілер, Астана қаласының кәсіпкерлер палатасының өкілдері, мәслихат депутаттары, техникалық және кәсіптік білім беру саласының қызметкерлері бар.

Форумның басты мақсаты - оқу орындары мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы үйлестіруді жақсарту, оқу бітірушілердің жұмысқа орналасуына көмек көрсету, орта буын мамандардың имиджі мен мәртебесін көтеру, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту.

Форумды Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қ.С. Сенғазиев құттықтау сөзбен ашты. Оның айтуынша, елордалық колледждерде оқытудың дуальді жүйесі белсенді қарқынмен енгізілуде. Бұл - дайындықтың теориялық бөлігі білім беру ұйымдарының базасында, ал практикалық бөлігі жұмыс орындарында өтетін оқу түрі. Қазіргі кезде 34 кәсіпорын 10 оқу орнында кадрларды даярлауда дуальді оқыту элементтерін қолдануда. Сондай-ақ, биыл оқытудың бұл әдісі 9 колледжде 9 мамандық бойынша енгізілмек. Негізінен, білім беру, медицина, құрылыс және теміржол салаларында.

«Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры О.К. Омардың айтуынша, елордада ер адамдар арасында неғұрлым сұранысқа ие мамандық - құрылысшы-техник, тас қалаушы, әр түрлі жүйелер мен жабдықтарды монтаждаушы, байланыс монтаждаушысы, электрик, электрмен және газбен дәнекерлеуші, құрылыс машиналары мен механизмдерінің машинисі, кран машинисі, жүк таситын автокөлік жүргізушісі, слесарь-сантехник. Әйелдер арасында аса қажетті мамандықтар - мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешісі, тігінші, медбике, аспаз, наубайшы, сатушы, бухгалтер, әкімші, шаштараз.

Форум барысында салалық ұйымдар, ірі компаниялар және оқу орындары арасында меморандумдар мен келісімшарттарға қол қойылды. Іс-шара аясында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының көрмесі ұйымдастырылды. Қалалық ұйымдармен және кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестік, дуальді оқытудың жай-күйі, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және т.б. ақпарат ұсынылды.

Сондай-ақ, форумда үздік әлеуметтік серіктестер мен үздік колледждерді техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттау рәсімі өтті. Сөйтіп, «Алтын жүрек» аталымында Қазақ технология және бизнес колледжі жеңімпаз атанды, «Үздік ынтымақтастық» марапатын Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжі иеленді. Тұран колледжі «Үздік халықаралық жетістік» аталымында жеңімпаз атанды.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар