Ғылыми жаңалықтар

ҒАРЫШ ТҰҢҒИЫҒЫНДАҒЫ ТЫЛСЫМ ДЫБЫС

11.03.2015

5494

Жақында Лондондағы Королева Мария университеті және Хартфордшир университетінің астрофизиктері Күн жүйесінен алшақтағы Таразы шоқ жұлдыздары құрамындағы Gliese 581d планетасынан жеткен дыбысты тіркегені туралы ақпарат таратты.
Дыбысты белгі жіберген бұл планета мен Жердің арақашықтығы 22 жарық жылы.

Gliese 581d планетасы жіберген алғашқы тылсым дыбысты 2010 жылы Америкадағы Пенсильвания университетінің астроғалымдары жазып алған екен. Былтыр амери­калық зерттеушілер «бұл белгі беру дыбыстары емес, жарық пен маг­ниттік шағылысуы ойыны, ал пла­нетаның өзі жоқ» деп мәлімдеді. Алайда британдық ғалымдардың жаңа зерттеулері америкалық ас­тро­физиктердің бұл тұжырым­дарын теріске шығарып отыр. Мамандар Gliese 581d планетасы бар деген пі­кірде. Ғалымдардың айтуынша, Жерге белгі беріп жатқан жұмбақ экзопланетаның тұрғындары болуы керек. Таяу жылдары ғалымдар бұл жолдауларды зерттеп, жатпланета­лықтардың жеткізгісі келген ойла­рын түсінетін деңгейге жететіндеріне сенімді.

2007 жылы астрономдар Күн жүйесінде бірінші рет экзопланета тапқандары туралы әлемге жар салды. Оған Gliese 581d деген шарт­ты ат қойды. Астрономдардың ба­ғам­­дауынша, планетада өмір сүруге қолайлы таулы рельеф, суы шай­қал­ған мұхиттар бар екен, ал компью­терлік модельдеу планетаның атмос­фе­расында бұлттар көшіп жүргенін және жауын-шашындар болатынын көрсетті. Аспан денесінің массасы біздің ғаламшардан шамамен 6-8 есе ауыр, ал көлемі жағынан екі еседей үлкен. 2011 жылы Эймс ғылыми-зерттеу орталығының планетологы Кристофер Маккей және оның НАСА-дағы әріптестері планетаның бетін органикалық қосындылар жүзіп жүрген мұхит басып жатқанын анықтады.

Ғарыш тұңғиығынан әлсіреп же­тетін тылсым дыбыстарды әлемнің әр түкпірінде орнатылған ғылыми обсерваториялар жазып алып, зерт­теулер жүргізіп жатыр. Пуэрто-Ри­ко­да тұрған Аресибо обсерва­тория­сының радиотелескопы да жа­зып жүр екен. Жақында радио­­телескоп 5 микродыбыс толқынын тіркеген. Әрбір радиотолқын секунд­­тың бірнеше мыңдаған бөл­ше­гімен өлшенеді, бұл дыбысты әлемдегі бірде-бір обсерватория сезбеген. Өте әлсіз болғандықтан, жазылған белгі-дыбыстарды әзірге зерттеу мүмкін емес. Аресибо ­об­­­сер­­­ва­тория­­сында әлемдегі ең сезімтал радио­те­лескоп тұр екен. Оның айнасының көлемі 305 метрге созылған. Осы құралдың көмегімен ғалымдар алыс­тан жететін радиоим­пульс­тардың жиілеуі шама­мен он мың жылда бір рет болатынын анық­таған. Алғашқы тура осындай жұмбақ импульсты Паркстегі авс­тра­лиялық обсерва­торияның құралы 2012 жылдың 2 қарашасында тіркеп­ті.

Алыстағы аспан денелерінен же­те­тін дыбыстардан басқа да әртүрлі белгілер болуы мүмкін. Бірақ оларды анықтауға бүгінгі күннің ғылымы әлсіздеу.

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар