Ғылыми жаңалықтар

ҚР Білім және ғылым министрі үздік деп танылған 200 ЖОО оқытушысына мемлекеттік гранттар табыстады

10.03.2015

5056

ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Астанадағы «Шабыт» шығармашылық сарайында «ЖОО-ның 2014 жылғы ең үздік оқытушысы» деп танылған 42 университеттің 200 оқытушысына мемлекеттік гранттарды табыс етті.
Дәстүрлі сайысқа өткен жылы республиканың 90 жоғары оқу орнынан 545 үміткер қатысқан болатын. Білім министрі атап өткендей, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иеленгендердің басым денін ғылыми атағы бар оқытушылар құрайды. Атап айтқанда, 70 пайызға жуығы профессорлар мен ғылым докторлары, қалғандары - доценттер, ғылым кандидаттары және PhD докторлары.

Олардың арасында астаналық оқытушылар да бар. Солардың он төрті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім береді. Олардың тоғызы - ғылым докторы, бесеуі - ғылым кандидаттары. Мамандықтары да әр саладан: физика-техникалық, жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтік ғылымдар, экономика, механика-математика факультеті. Атап айтқанда, Г.Айқынбаева, Р.Берсімбай, Ж.Ермекова, Е.Журавлева, С.Қожаева, Д.Мадиярова, Р.Ойнаров, Р.Оразбаева, К.Сәдуақасова, Т.Самұратова, С.Сахиев, М.Серік, С.Тәжібаева, А.Төлеғұлов ҚР БҒМ-ның грантын иеленіп, ғылыми жаңалықтарын өмірге енгізуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды аталмыш ЖОО баспасөз қызметінен.

Мемлекеттік грант отандық оқытушыларға Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Бельгия, Польша, Австрия, Болгария, Литва, Латвия, Ресей және тағы басқа мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарында сынақтан өтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар грант иегерлері бір жыл бойы халықаралық ғылыми конференцияларға, симпозиумдарға, конгресстерге, ғылыми-зерттеу тақырыптарына арналған семинарларға қатыса алады.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар