Ғылыми жаңалықтар

Тарих тағылымы

25.02.2015

4961

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ұйытқы болуымен М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақ мемлекеттілігі: кеше және бүгін» тақырыбында жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және экономика ғылымдары бойынша студенттердің ХVII ғылыми-практикалық конференциясы салтанатты жағдайда ашылды.

10Оған аталмыш оқу ордасының білімгерлері мен магистранттары, профессор-оқытушылары қатысты. Жиынды университеттің проректоры Асқар Абдуалы ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен жиналғандарға М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбековтің құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті студент жастар! Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы – Қазақстан халқы үшін маңызы зор тарихи оқиға. Жоспарланған іс-шаралар Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясының қазақстандық моделін әлемге танытуға, Қазақ мемлекеттілігінің мыңжылдықтарға созылған тарихын ғылыми негіздеуге және Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделін арттыруға бағытталады. Негізгі іс-шаралардың Қазақ хандығы ту тіккен Шу-Талас өңірінде, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Тараз жерінде ұйымдастырылуы мерейтойдың мәні мен мазмұнын аша түседі. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған дәстүрлі конференция Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспары аясында өткізіліп отыр. Бұл ретте біз қазақ жастары халқымыздың дүниетанымдық құндылықтарына, салт-дәстүріне ерекше көңіл аудару керектігін алға тартып отырмыз. Рухани құндылықтарды көрсетудің маңызы неде? Бүгінгі қазақ пен кешегі қазақты салыстыру не үшін қажет? Кешегі бабаларымыздың бойындағы қасиеттер бүгінгі біздің бойымызда бар ма? Осы сауалдар төңірегінде өрбитін бүгінгі шара жастарымыз­дың бойына тарихымыздың құндылықтарын одан әрі сіңіруге өз септігін тигізе түсері сөзсіз.
Университетімізде білім мен ғылымды дамытуға, жас маман­дарды даярлауға, студенттерді ғылымға тартуға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп келеді. Соның айғағы болар, бүгінгі дәстүрлі конференцияға студенттеріміз үлкен жетістіктерімен келіп отыр. Бұл әрине сапалы білім мен саналы тәрбиенің, еселенген еңбектің арқасы. Сондықтан да осындай озық дәстүрі бар ТарМУ студенттері алдағы уақытта да ғылым жолында үлкен жетістіктерге жететініне сенемін. Университетімізде бас қосып, ғылыми жоспарларымен бөлісіп, кеңес құруға жиналған білімді жастарға шығармашылық табыстар тілеймін» делінген М.Сарыбековтің құттықтау хатында басқа да тарихи маңызы бар ойлар тереңірек қаузалған. Бұдан кейін А. Абдуалы бұл маңызы зор шараның алдағы жеті күн бойы жалғасатынын екінші наурызда қорытындысы шығып, үздік ғылыми жұмыстар марапатталатынын хабарлап, оған дейінгі аралықта конференцияның секциялық мәжілістері жұмыс істейтінін жеткізді.
Бұдан кейін пленарлық баяндамаларға кезек келді. Айталық, «Қазақ мемлекеттілігі: хандық биліктен Президенттік басқару жүйесіне дейін» тақырыбында баяндама жасаған студент Әсел Дүйсембаева кешегі мен бүгінгі мемлекеттің басшылық жүйесіндегі ұқсастықтар туралы жан-жақты әңгімеледі. Сондай-ақ, «Қазақ хандығы дәуіріндегі саяси-құқықтық ойлардың өзіндік ерекшеліктері және тарихи сабақтастығы» туралы баяндама жасаған Тоғжан Әбиттің, «ХV-ХVII ғасырлардағы қазақ хандығындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай» тақырыбында сөз қозғаған Атабек Сайдуллаевтың, «Жазушы І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы қазақ мемлекеттілігі шындығының бейнеленуі» тақырыбында баяндама жасаған Дана Рахимқұлованың тұшымды ойлары да көпшіліктің көңілінен шықты.

Жанғазы АХМЕТ

Дереккөзі: akjolgazet.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар