Әлемдегі ғылым

Америкалық диссертацияда Кеңгір-Тұра қаласы көрсетілген

22.11.2021

2311

Америкалық студенттің (Бенджамин Сэмюэль Леви) «Жоңғар босқындары және қытайлық Цин-Қазақ шекарасында империяның құрылуы, 1759-1773» («Jungar Refugees and the Making of Empire on Qing China's Kazakh Frontier, 1759-1773») тақырыбында жазған докторлық диссертациясы ғалымдар арасында үлкен қызығушылық туғызған.

Диссертацияда Шығыс Қазақстанның тарихы сөз болып, Өскемен қаласының көне атауы – Кеңгір-Тұра деп көрсетілген екен. Ол құнды құжатты Американың Гарвард университетіндегі Фэрбанк Қытай зерттеу орталығының зерттеуші ғалымы Нұрлан Кенжеахмет тауып отыр. Бұл жұмыстың 212 бетінде: «Кеңгір Тұраны орысша Усткаменная деп атайды. Бұл Ресей империясының шекарасын белгілейтін «Ертіс сызығының» ең оңтүстігіндегі форпосты болды», деп жазады («Kengger Tura is known as Ust-Kamennaya in Russian. It was the southern most outpost on the Russian «Irtysh Line» that marked the boundary of the Russian Empire»).

Ғалымның айтуынша, бұл ғылыми жұмыс мәнжүр тілінен алынып жазылған. Яғни, кезінде Қытай елін 250 жыл билеген Мәнжүр елінің тілі. Кейін 1911 жылы ұлт ретінде жойылып кеткен. 1600-1911 жылдар аралығында мәнжүр тілі дүние жүзі бойынша небәрі 311 жыл ішінде ұлы тілге айналған көрінеді. Тарихи деректердің басым бөлігі осы тілде жазылған. Сондықтан бұл тілге деген сұраныс көп. Қазақ тарихы, Абылай хан заманы туралы мыңдаған деректер мұрағаттарда мәнжүр тілінде сақталған. Нұрлан Кенжеахмет қазақ тарихымен тереңірек танысу үшін мәнжүр тілін үйреніп жүрген көрінеді. (https://www.inform.kz/kz/amerikadagy-kazak-tarihshysy-oskemennin-kone-atauy-zhayly-kundy-kuzhattardy-tapty_a3864738?utm_source=ainews&utm_medium=referral)

Тарих ғылымының докторы, шығыстанушы ғалым Бақыт Еженханұлы да бір сұқбатында XVІІІ ғасырдан басталған тарихи құжаттар мәнжүр тілінде жазылғанын айтқан болатын. Оның себебін Қытайды үш ғасыр билеген мәнжүр патшаларының қатаң талабы бойынша, құжаттар тек мәнжүр тілінде жазылғанымен түсіндіреді.

Нұрлан Кенжеахмет былтыр берген сұқбатында (https://egemen.kz/article/216244-nurlan-kendgeakhmet-kenhgir-tura-tarikhta-bolghan-qala) Өскемен жерінде Кеңгір-Тұра деген өзеннің болғанын айтқан болатын. Оны Швед әскериінің сызған картасында белгіленгенімен дәлелдейді.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар