Қазақстан ғылымы

ҚазҰУ ғалымдары теллуриялық тоқтарды тіркеуге арналған құрал жасайды

16.10.2023

424



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «Гранит» арнаулы конструкторлық-технологиялық бюро ЖШС мамандарымен бірлесіп теллуриялық тоқты тіркеуге арналған құрал жасайды. 

ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің ғалымдары электрмен қамту саласындағы ысырап пен ірі апаттық  жағдайлардың алдын алу негізінде зерттеу жұмысын жүргізуде. Жоба «Геомагнитті индукцияланған тоқтардың магистральдық электр таратушы желілері мен мұнай-газ құбырларына әсер етуін бағалау критерилерін әзірлеу» деп аталады. 

Ғылыми жобаның әлемде бар аналогтарынан ерекшелігі – зерттеудің тұңғыш рет Азия мен Еуропаны байланыстыратын транзитті теміржолдар, ұзаққа созылған мұнай құбырлары бар және алысқа таралған магистралды электр желілері орналасқан аумақта жүргізілуінде. 
Осылайша, ҚазҰУ физиктері Қазақстан аумағындағы ғарыш факторынан туындайтын жерүсті өткізгіш желілеріндегі (электр желілері, құбырлар) кері әсер етуші электромагниттік эффектілерді зерттеп жатыр. Геомагнитті индуцияланған тоқ мәндері геомагнитті өріс параметрлерін және теллуриялық тоқты өлшеу арқылы және жер өткізгіштігі мен ионосфералық тоқ модельдерінің көмегімен анықталады.

Бұл жоба техносфералық қауіпсіздік (сонымен қатар экологиялық көріністе де) түйткілдерін шешуге бағытталған. Жаңа әзірлеменің көмегі арқылы мемлекеттің энергетикалық жүйесінің қауіпсіз жұмыс істеуге жол ашады.  Ол өз кезегінде Қазақстан экономикасының, соның ішінде энергетика, мұнай-газ, транспорттық логистика секілді стратегиялық маңызды салалардың белсенді дамуына аса қажет. 

Жобаға физика-математика ғылымдарының кандидаты Сәуле Мұқашева жетекшілік етеді. Ғалымның айтуынша, жобаның келешегі зор. Оны енгізу кезінде мамандар геомагниттік индукцияланған тоқтардың пайда болу жиілігі мен қарқындылығын есепке алады. Бұл мемлекеттің энергетикалық желісінің апатсыз жұмыс істеуінің 15-20% тиімділігін қамтамасыз етеді. 

Жоба бойынша ғалымдар рейтингтік, рецензияланатын басылымдарда, халықаралық конференциялардың жинақтарында 20 ғылыми жұмыс жариялады: 4 (Scopus); 4 (РИНЦ); 5 (КОКСНВО); 7 (халықаралық конференциялардың материалдарында).
Ғылыми зерттеу 2023 жылдың соңына дейін жалғасады және жобаны іске асыру барысында теллуриялық тоқтарды тіркейтін құрылғының үлгісі «Гранит» арнаулы конструкторлық-технологиялық бюро ЖШС базасында жасалды.

Теллуриялық тоқтарды тіркейтін құрылғы үлгісінің жасалуы жобаның нәтижелерін болашақта коммерциализациялауға жол ашады. Айта кету керек, мұндай құрылғының тікелей аналогы нарықта жоқ. Жобаны әзірлеуші ғалымдар өнертабысқа патент алды және оның потенциалды тұтынушылары электр желілерін басқару жөніндегі жергілікті «KEGOC» пен «Азиатский газопровод» компаниялары. 


ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі 
«« | »»
Соңғы жаңалықтар