Қазақстан ғылымы

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту – өзекті мәселе»

21.07.2022

1453

Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесуде халықаралық саясаттың маңыздылығын, қауіпсіздік пен дипломатия салаларындағы өзара іс-қимылдарды нығайтуды, көпжақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын құруды, Арал теңізі бассейінінің су ресурстарын тиімді пайдалануды алға тартты. Сондай-ақ, Орталық Азия елдерінің тарихын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.

– Орталық Азия халықтарының тарихи және мәдени мол мұрасын насихаттауды бірлескен жұмыстың маңызды бағыты деп санаймын. Осы орайда этногеографиялық және тарихи зерттеулерді ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми еңбектерді жариялау мақсатымен елдеріміздің Ғылым акадамиялары арасында тығыз байланыс орнату ұсынылады. Ұлттық архив орталықтары мен кітапханалардың ынтымақтастығы негізінде архив және зерттеу мәліметтерін алмасу үшін Біріккен онлайн-платформа құруды ұсынамын. Бұл ғылым саласындағы кооперацияны тереңдетуге мүмкіндік береді, – деді Президент.

Қазіргі таңда елімізде баса назар аударып отырған сала – білім және ғылым. Ел экономикасының дамуына, жаңа заманауи технологияны меңгеруде, ел болашағына білімді жастар, білікті мамандар қажет. Осы тұрғыдан біраз мәселелер де қолға алынды. Көрші елдердің басшылары бас қосқан бұл кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласындағы ынтымақтастыққа ден қойды.

– Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту – өзекті мәселе. Жоғары білім берудің Орталық Азиядағы біртұтас кеңістігін құру жөніндегі былтыр қол қойылған декларация осыған негіз болады. Қазақстан бұл бастама аясында жоғары оқу орындары арасында студент алмасу ісін кеңейту жөніндегі әріптестерінің ұсыныстарын қолдап, Орталық Азия елдерінің жастарын оқыту үшін квота санын едәуір арттырды. Сондай-ақ біз озық жоғары оқу орындарымыздың және үздік мектептеріміздің филиалдарын аймақ мемлекеттерінде ашуға әзірміз. Мәселен, жақында Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Өзбекстанмен өзара тиімді негізде білім беру орталықтарын ашу мәселесі пысықталуда, – деп Мемлекет басшысы білім мен ғылымның маңыздылығына тоқталды.

Материал https://akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaevtyn-ortalyk-aziya-memleketteri-basshylarynyn-iv-konsultativtik-kezdesuinde-soylegen-sozi-2163942 деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар