Қазақстан ғылымы

BSL- 4 зертханасы туралы мамандар сөйлейді

30.11.2021

2247

Аса қауіпті вирустарды зерттейтін отандық зертхана салуға байланысты әртүрлі пікірлер айтылып жүргені белгілі. Отандық мамандар көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Биологиялық зертхананың қажеттілігі

– Пандемияға байланысты әртүрлі жұқпалы аурулардың трансшекаралық таралу қаупі өршіп тұр. Соңғы кезде халықтың миграциялық өсімі, халықаралық бизнестің, сауданың тағы да басқаларының дамуына қарай қауіпті ауру қоздырғыштар қаупі де артуда. Оның үстіне басқа мемлекеттермен тығыз байланыстамыз, – дейді М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Нұркелді Төребеков.
Маманның айтуынша, елімізде онсыз да Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба, Омбы геморрагиялық қызбасы, оба, туляремия, сібір жарасы, бруцеллез сияқты қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары жетерлік. Қазіргі таңда елімізде бактериялық қауіпті инфекцияларды зерттеп, оны емдеу әдісін дайындауға арналған BSL-3, яғни биологиялық қауіпсіздіктің 3-деңгейлі зертханасы жұмыс істейді. Бірақ, аса қауіпті инфекцияларды зерттеу үшін халықаралық стандартқа сай BSL-4 зертханасы қажет. Әлемде осы сияқты 60-қа жуық зертхана бар, оның ішінде жақын көршілеріміз Ресей мен Қытайда да. Сондықтан, диагностикалық тест пен вакциналарды шетелден сатып алғанша, отандық препараттарды шығарғанымыз дұрыс деп отыр ғалымдарымыз.

Жаңа зертхананың миссиясы

М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы бас директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Галина Ковалева жаңа зертхананың басты міндеті – сараптамалық-диагностикалық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, аса қауіпті микроағзаларды, жаңадан пайда болған, белгісіз жұқпалы ауруларды халық арасында, жан-жануарлар арасында таралып кетпеуі үшін сәйкестендіру дейді.
Мамандар қауіпті жұқпалы ауруына шалдыққан деген күдікпен алынған биоматериалдарды зерттейтін болады. Бұған қоса, вакциналық басқа да препараттар, вакциналық тест-жүйелерді даярлауды жоспарлап отыр. Жұмыстың бағыты – вирусты зерттеу.

Биозертхананың қауіпсіздік шаралары

Нұркелді Төребековтің мәлімдеуінше, BSL-4 оқшаулаудың 4-деңгейлі зертханасы болғандықтан, оған тек құзыретті органдардың тексеруінен өткен, іріктеуден өткен мамандардың ғана жіберіледі. Зертханада олар үшінші класты биологиялық қауіпсіз шкафтарды қолданып, арнайы оқшауланған киімдерді киеді. Зертхана ауасы және ағын сулары арнайы құрылғылармен зарарсыздандырылады. Сондай-ақ зертханадан еш нәрсенің сыртқа шығуына жол бермейтін ерекше автоклавтар мен қысымы әртүрлі ауыспалы шлюздер қойылады. Онда кез келген қоздырғыштың зертхана сыртына шығып кетуіне жол бермейтін қорғаныстың бірнеше деңгейі жасалған. Егер жүйе жұмысындағы қысым деңгейі немесе басқасы өзгеріске ұшыраған жағдайда адамдардың өздері де зертханаға кіре алмайды. Сондықтан, барлық қауіпсіздік шаралары сақталған.

Материал http://192.168.0.216/user/login?back=%252F деректері бойынша дайындалды.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар