Ғалымдар тұрмыстық қалдықтардың есебін жүргізіп, өңдеудің тиімділігін арттыруды дәлелдеді
«Атмосфералық ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» серіктестігі ғылыми қызметкері Р.Б. Құттығұлованың жетекшілігімен орталықтың бір топ ізденушілері еліміздегі еліміздегі атмесфералық ауа қабатының жай-күйіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді, – деп хабарлайды «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-зерттеу сараптама орталығы» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі.
Зерттеу барысы кезінде ізденушілер Ақтау мен Жаңаөзен қаласында және Шетпе мен Ақшұқыр елдімекенінде коммуналдық қалдықтардың пайда болу мен жинақталу нормаларын есептеп шығарған. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде қатты тұрмыстық қалдықтар көптеп жиналып, олар қоршаған ортаға өзінің зиянын тигізіп жатқаны жасырын емес. Тұрмыстық қалдықтарды жойып, залалсыздандыру жұмыстары жолға қойылмай келеді. заң бойынша ірі мегополитердің іргесінде орналасқан тұрмыстық қалдықтарды жинақтайтын полигондарда қалдықтардың утилизация жасау ісі әрбір 5 жылда бір рет жүргізіліп тұруы шарт.
Қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтарды утилизация жасау ісінде ЕуроОдақ елдері зор жетістіктерге жетуде. Осының нәтижесінде кәрі құрлықтың дамыған елдеріндегі полигондарындағы тұрмыстық қалдықтардың көлемі айтарлықтай кемігенін атап айтуға болады.

Еуропаның іс-тәжірибесін мұқият зерттеген қазақ ғалымдары Еуро аймақтағы елдердің жергілікті билік орындары бірінші кезекте жыл сайын пайда болатын тұрмыстық қалдықтардың есебін айқындап, олармен тиімді күрес жүргізіп жатқанына көз жеткізген екен. Есеп жүргізу барысында тұрмыстық қалдықтардың жалпы салмағы, олардың қандай қоқыс екені компьютерлік бақылауға алынып, оны өңдеген кәсіпорындар қаншалықты пайда тауып, шығын шегетінін бәрін-бәрін есептеген. Өз кезегінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысатын жекелеген компаниялар жергілікті экологиялық қызмет орындарына өңдеуден өткізген тұрмыстық қалдықтарының жалпы салмағы мен олардың сапасы жайында нақты мәлімет беріп тұрады. Осылайша тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, кәдеге жарату ісмен кешенді жұмыс жүргізудің арқасында Еуропаның дамыған елдері – Германия, Бельгия, Швейцария және Швециялар жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Айталық, қазіргі таңда Германияда полигондарда сақтауда тұрған тұрмыстық қалдықтардың көлемі бар болғаны 0,5%-ды құрап отыр. Бұл елде қарапайым халықтың тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау ісі жақсы жолға қойылған. Бұл өз кезегінде қалдықтарды қайта өңдеу ісіне көп көмегін тигізіп отырғанын атап айтуға болады.
.jpg)
Германиядағы тұрмыстық қалдықты сұрыптап жинайтын жәшіктер
Ұқыптылығымен әлемді таңқалдырған немістер сұр түсті қоқыс жәшіктеріне қағаз бұйымдарды (ескі газет-журналдар, түрлі картондар) жинақтаса, ал сары жәшікке шыны және полимерден жасалған бұйымдарды жинақтауға әдеттеніпті. Ал қоңыр жәшікке органикалық қалдықтарды жинақтайды екен. Ал пайдалану мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектерді дәріханалар қабылдап алса, пайдаланылған түрлі батарейларды жинақтау ісмен супермаркеттер айналысатынын айта кетуіміз керек. Осындай жинақылықтың арқасында Германияда коммуналдық мекемелер 14 күнде бір рет тұрмыстық қалдықтарды жинап, тұрмыстық қалдықтарды жинайтын шығында айтарлықтай қысқарту мүмкіндігіне ие болыпты.
Халықты экологиялық мәселеге асқан жауапкершілікпен қарауға тұрмыстық қалдықты тасымалдауда жалпылама бағалау жүйесінен бас тартып, әрбір контейнерді тасымалдау шығыны бойынша төлем жасау жүйесін енгізген. Бұдан басқа тұрмыстық қалдықты тиісті орнынан басқа жерге тастаған жағдайда кез келген адам белгілі көлемде айыппұл төлеуге заң бойынша міндеттелген. Осылайша неміс билігі қарапайым халықтың экология мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарауға ынталындырғанын байқауға болады.
Ал Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды реттеу ісі жолға қойылмай келеді. Бізде қалдықтардың бәрі ашық полигондардар жинақталатыны белгілі. Кейбір мәліметтерге жүгінетін болсқа, ел көлемінде жинақталған тұрмыстық қалдықтардың тек 5%-ы ғана өңделетінін байқауға болады. Тұрмыстық қалдықты өңдейтін технологиялар дамымағандықтан қалған қалдықтар қоршаған ортаға кесірін тигізіп жатыр. Ізденушілер ел амағындағы 1,0 мың гектар жерді алып жатқан қоқыс полигондарының 97%-ы заңда көрсетілген талаптардың үдесінен шығатынын анықтаған.