Өзектi

Тамшылатып суғарумен еселеп өнім алуға болады

01.09.2016

5628

«Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» Баспасөз қызметі Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу инстиутының қызметкері, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Т.Е.Айтбаев бастаған бір топ ізденушілер көкөністерді тамшылатып суғарудың озық технологиясын дайындап шығарды деп хабарлайды.
Бүгінде елімізде тамшылатып суғару жүйесі кең тарауда. Осы ретте Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу инстиутының мамандары 2012-2014 жылдары аралығында 8 түрлі бақша дақылына тамшылатып суғару технологиясын дайындаумен айналысып, бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген-ді. Нәтижесінде әрбір бақша өніміне тамшылатып суғару жүйесін қолданып, олардың өнімділігін көтеріп, суды көп мөлшерде үнемдеуге болатына көз жеткізді.
Айталық, дәстүрлі суғарумен салыстырғанда тамшылатып суғару барысында орамжапырақ өсіру үшін 32,69 %, қиярдан 35,32 %, қызанақтан 37,80 %, қызылшадан 37,55 %, сәбізден 34,54 %, пияздан 31,72 %-ға дейін су үнемдеуге болатыны ғылыми тұрғыдан дәлелденді.
Институт ғалымдары тамшылатып суғару кезінде биоөлшемдік көрсеткіштерді баса назар аударып, тамшылатып суғару жүйесі өсімдіктің тез жетілуіне және түбінде қуатты биомасса қалыптастыратынын байқаған. Ең бастысы ғылыми жоба өзінің экономикалық тиімділігімен жұрттты қызықтыруда.
Айталық, осы ғылыми жұмыстың нәтижесінде пияздың өнімділігі 418%-ға, сәбіз 258%-ға, қызылша 137%-ға, орамжапырақ 188%-ға, редис 279%-ға артқаны белгілі болды. Алдағы уақытта еліміздегі шаруалар Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу инстиуты мамандарымен тізе қосып, жұмыс істесе мол пайдаға кенелетін мүмкіндік туып тұр.

«« | »»
Соңғы жаңалықтар