Ғылыми жаңалықтар

Дарындыларға даңғыл жол

22.06.2016

5211

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Президенттік, халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалардың және ғылыми жоба кон¬курстарының жүлдегерлерімен кездесті. Кездесуде аймақ басшысы жастарға сөзін арнады.
– Ел болашағы – жастардың жан-жақты қабілетті, білімді болып өсуі қоғамның ырысы. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа кемел біліммен» деп айтуы, жаңа технологиялардың көші ілгері тұрған ХХІ ғасырда терең білім алып, Мәңгілік еліміздің болашағын берік етуге міндеттейді. Қазіргі таңда қазақ елі жан-жақты өркендеп, дамып келе жатқан алып елге айналып жатыр. Елімізде жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Аға ұрпақ сан ғасырлар арман еткен Тәуелсіздігіміздің баяндылығы – ғылыммен жарақтанған жас ұрпақ – Сіздердің қолдарыңызда. Мен Сіздердің Алаштың ұранына, ұлтымыздың ұланына, халқымыздың қыранына, дүйім жұрттың жыр-әніне айналуларыңызға тілектеспін! – деген Қырымбек Елеуұлы мұнан соң облыс оқушыларының жетістіктерін атап өтті.
Биылғы жылы дарынды оқушыларымыз Қазақстан, Ресей, Грузия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде өткен Халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жарыстарға қатысып 30-ы (Алтын медаль – 4, Күміс медаль – 7, Қола медаль – 19) жүлделі орындарды иеленді. Республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарына, Президенттік олимпиадаға қатысып 27 оқушы жеңімпаз атанды (Алтын медаль – 4, Күміс медаль –5, Қола медаль –18).
Биыл Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жүлдегерлері атанған 37 түлек ҰБТ-ден босатылды. Сонымен бірге, соңғы екі жылда 2500-ден астам түлегіміз «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша еліміздің солтүстік өңіріндегі колледждер мен университеттерде мемлекеттік білім гранты негізінде білім алуға қол жеткізді. Сыр өңірінің 325 түлегі бүгінгі күні Мәскеу мен Санкт-Петербургтың 3 іргелі университеттерінде білім алуға мүмкіндік алды. Биылғы жылы жоғарыда атап өткен үш университетке облысымыздың 2000-нан астам оқушысы емтихан тапсырды.
Республикалық пәндік ғылыми жоба жеңімпазы Мадалхан Данабек кездесуге қатысушылар және облыс оқушылары атынан рахмет айтып, болашақ ел тізгінін ұстар, көшбастар азаматтар ретінде сенім артып, қолдау көрсеткені үшін Қырымбек Елеуұлына шынайы ризашылығын жеткізді.
– Біз, Сыр елінің жастары атынан, Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» стратегиясында айтылғандай, ХХІ ғасырды Қазақстанның алтын ғасыры етуге бар күш-жігерімізді, білімімізді жұмсауға уәде береміз, – деді жүлдегер оқушы.
Кездесуді қорытқан аймақ басшысы мамандық таңдағанда айма¬ғымыздың экономикалық дамуындағы еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандықтарға бағдар алу қажеттігін айтты.
Кездесуге келген 55 шәкірт облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Мұнан соң олар аймақ басшысымен естелік суретке түсті. Қырымбек Елеуұлының ұсынысымен облыстық әкімдіктің ғимаратын аралап көріп, ситуациялық орталық жұмысымен танысты. Аймақтың маңдайалды оқушылары облыс әкімінің жұмыс бөлмесін көруге де мүмкіндік алды.


Дереккөзі: syrboyi.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар