Шетелдің беделді жоғары оқу орындарына «өз бетінше түскендерге» алдағы уақытта 2 жылдық еңбек өтілі туралы талап қойылмауы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысынан кейін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов мәлім етті.
«Даму жоспары аясында бірқатар жаңа тапсырмалар берілді. Бірінші тапсырма аясында шетелдің беделді жоғары оқу орындарына магистратура мен докторантураға «өз бетінше түскендер» санаты бойынша үміткерлерге алдағы уақытта 2 жылдық еңбек өтілі болуы жөніндегі талап қойылмайды. Осы ретте Қазақстанның ЖОО-сын тәмамдаған түлектер шетелге өз күшімен түссе, бізге келгенде қаржыландыру мәселесі шешіледі. Олардан екі жыл еңбек өтілі талап етілмейді»,-деді Ғани Нығыметов.
Бұдан кейін ол ауыл мектептерінің мұғалімдерін «Болашақ» арқылы даярлап, оқыту бағытына тоқтала келе: «осы бағытта бізге тиісті тапсырма жүктелді. Бұл тұрғыдағы шараларды пысықтап, келесі отырыста осы мәселені талқыға шығарамыз»,-деді.
Сонымен қатар ол мемлекеттік органдардың басшыларын, жетекшілерін ең беделді бизнес-мектептерде даярлықтан өткізу жұмысы қолға алынатынын атап өтті.«Бұл мәселе де келесі отырыстың қарауына шығарылсын деген тапсырма берілді»,-деді Ғ. Нығыметов.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың басынан бері бағдарлама ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2016-2020 жылдарға арналған жаңа даму жоспары бойынша іске асырылуда, құжатта оны жаңартудың негізгі бағыттары белгіленген.
Автор: Руслан Ғаббасов
Дереккөзі: inform.kz