Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Шэньси педагогикалық университетінің делегациясы арнайы іс-сапармен келді.
Делегация құрамында Шэньси педагогикалық университетінің президенті Ченг Гуанзю, Халықаралық қытай тілі мектебінің деканы Жан Жианчен, Халықаралық бағдарламалар Кеңсесінің директоры Жан Лиюнь және Орыс департаментінің деканы Мен Шиа бар.
Сапар аясында Тараз мемлекеттік педагогикалық институты мен Шэньси педагогикалық университеті арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумға қол қойылды. Қос жоғары оқу орны бекіткен өзара түсіністік жайлы келісімнің басты мазмұны әріптестіктің перспективалы бағыттарын дамыту, оқытушылар мен студенттер арасындағы білім беру, кәсіби және мәдени байланыстарды нығайтуға келіп саяды. Сонымен қатар құжатта академиялық қызметті дамыту, ғылыми-зерттеу саласындағы әріптестік, студенттер мен мамандарды бірігіп оқыту және тілдерді оқыту орталықтарын ашу көзделген.
Меморандумға ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова мен Шэньси педагогикалық университетінің президенті Ченг Гуанзю қол қойды.
Бұл келісім Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындарының арасындағы әріптестіктің одан әрі кеңеюіне жол ашпақ.
Айта кетейік, ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова 2015 жылдың қаңтар айында Жамбыл облысы әкімі бастаған делегацияның құрамында ҚХР Шэньси провинциясы Сиань қаласына барып қайтқан болатын. Сапар аясында ТарМПИ мен Шэньси педагогикалық университеті арасында өзара байланысты дамыту мәселесі көтерілген еді.
Шэньси педагогикалық университеті ҚХР-дағы ең іргелі білім ордаларының бірі. Аталмыш жоғары оқу орны «211 Нысан» бағдарламасы бойынша 1944 жылы құрылған. Оқу орнының жалпы территориясы 180 га. Университетте 20 факультет, 2 негізгі білім беру бөлімі, 62 мамандық, докторантураның 12 ғылыми-зерттеу орталығы, 70 докторантура мамандығы, 24 магистратура мамандығы бар. Қазіргі таңда аталған оқу орнында 1444 профессор-оқытушылар қызмет атқарады. Бакалавр студенттерінің саны – 17032, магистр саны – 7406.
Дереккөзі: tarmpi.kz