Ғылыми жаңалықтар

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының журналдары халықаралық SCOPUS базасына енгізіледі

16.06.2016

4770

Алматыда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми журналдарының жаңартылған нұсқалары - «Қазақстан Спектр» және «Қоғам және дәуір» журналдары таныстырылды.

Бұл рәсімге Қазақстанның ғылыми қауымдастығының өкілдері, журнал редакциясы, консультациялық кеңес мүшелері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

«Қазақстан Спектр» журналы 1994 жылдан бастап шығарылып келеді. Ол ішкі және сыртқы саясатты, халықаралық қатынасты, қауіпсіздік және экономика мәселелерін ашып көрсетуге бағытталған.

«Осы уақыт ішінде ол 37 500 данамен таралып келді. Содан біз осы журналымызды оңтайландыруды және жаңартуды ұйғардық. Жақын болашақта SCOPUS халықаралық базасына енуді жоспарлап отырмыз. Қазір осы үдеріске мықтап дайындалып жатырмыз. Қазір редакциялық кеңестің құрамын біршама жаңарттық. Ол анағұрлым ғылыми сипатқа ие болды. Қазір оның құрамына белгілі әлеуметтанушылар, экономистер және басқа да мамандар енді. Сондай-ақ, шет елдік сарапшыларды да тарттық», - деді журналдың бас редакторы Мәдина Нұрғалиева.

Жалпы, журналдардың дизайны өзгеріп, барынша тақырыптық сипатқа ие болған.

Мысалы, «Қазақстан Спектр» журналының жаңартылған нұсқасының бірінші саны Қазақстандағы миграция мәселесіне арналды.

Айта кетелік, SCOPUS - халықаралық библиографиялық және рефераттық деректер көзі.

Автор: Айбота Жаппарберген

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар