Ғылыми жаңалықтар

Кениялық шаруалар бау-бақшаны суарудың жаңа әдісіне көшті

09.06.2016

4934

Африкалық шаруалар мол өнім алуға мүмкіндік беретін жаңа технология ойлап тапты. Олар бау-бақшаны суару үшін әдеттегі тәсілді емес, үнемді күн энергиясын пайдалануға кіріскен. Африкада шыжыған күнді шаруалар шығынға батыратын қолайсыз жағдай деп қабылдайтын еді. Бірақ, жаңа технология жағымсыз жайтты табыс әкелетін заманауи тетікке айналдыруға мүмкіндік берді. Кениялық Джон Мутуги күннен энергия тартатын тақталарды бау-бақша алқабына орнатып, суландыру жүйесіне тиімді пайдалана бастады. Осының арқасында кәсіпкер сәбізді Еуропаға экспорттайтын деңгейге жеткен. Джон Мутуги, бағбан: - Бұрын суға байланысты проблемадан басымыз қататын еді. Енді одан құтылдық. Егін құрғақшылық кезде жарамай, осының кесірінен жақсы өнім ала алмайтын едім. Күн жүйесі қосылғалы бері, өнімді қаңтардан бастап желтоқсанға дейін экспорттайтын болдым. Заманауи технологияны іске қосқан Питер Матендж қазір ай сайын 300 доллар үнемдейтінін айтады. Бұрын ол дизельге көп шығын жұмсап келген. Жаңа жүйеге көшкелі бау-бақшаны күні бойы суару үшін 3 топтан тұратын жұмысшыларды да жалдамайды. Есесіне, жұмыс күшін жалдау құны 30 пайызға кеміді. Питер Матендж, бағбан: - Озық технологиясыз шағын алқаптан аптасына 60 келі ғана өнім аласыз. Ал жаңа жүйені пайдалану арқылы 160 келі бұрыш жинайтын болдық. Осылайша, өнім көлемі 2,5 есе артты. Кенияда көптеген шаруа бау-бақшаларын жақын маңдағы өзендер, құдықтар мен бөгеттерден арна тарту арқылы суарады. Бұл тәсіл алқапты шайып, топырақты тоздырып жібереді. Жергілікті компания ұсынған әдіс бойынша, күн энергиясы өзен-көлдер мен құдық түбіндегі суды сорып, ауырлық күшінің көмегімен дақылдардың тамырына жібереді. Самир Ибраһим, Sunculture компаниясының бас директоры: - Бұл құрлықтағы азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейі сын көтермейді. Төрт африкалықтың біреуі тойып тамақ жемейді. Африкада әлемдегі өңделмейтін егістік жерінің 50 пайызы орналасқан. Бірақ жергілікті көптеген шаруаның пайдалы ақпарат алуға, қаржы мен технологияға қол жеткізуіне мүмкіндік жоқ. Егер біз тиімді технологиялар орнатсақ, онда Африка өзін де, өзге әлемді де азық-түлік қамтамасыз ететін деңгейге жетеді. Бау-бақшаны суару кешені 400-2500 доллар аралығында бағаланады. Ең бастысы, жаңа технологияны орнатқан жергілікті шаруалар жұмыс күші, техникалық қызмет көрсету мен жанармайға кететін шығынды бірнеше есе қысқарта алады. Авторлары: Ернат Қашқынов, Әсем Хасенқызы

Дереккөзі: 24.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар