Смарт-технология бойынша «Өрлеу» орталығының батысқазақстандық бөлімшесі елімізде жетекші орында
Қазіргі таңда смарт-технологияны пайдалана білудің маңызы зор. Бұл туралы БҚО қазақ драма театрында «Smart-технологиялар: халықаралық тәжірибе және отандық практика» тақырыбында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып өткізілген республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты (директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты София Ізмұхамбетова) ұйымдастырған шараға Қазақстан ғана емес, сондай-ақ өзге елдерден қатысқан педагог-ғалымдар өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, 2013 жылдан бастап қолға алынған смарт-технологиялар Батыс Қазақстан облысында жүйесін тауып келеді. Бұған дейін түрлі ақпараттар негізінен компьютер арқылы алынса, енді аталмыш жүйе де қолданысқа енгізіліп отыр. Мұның, әсіресе, білім саласында тиімділігі мол болмақ. Себебі кез-келген жаңа ақпаратты жедел әрі қолайлы түрде оқу тәжірибесіне енгізсе, одан оқушы да, студент те ұтады. Сайып келгенде, кәсіби білім деңгейі де жоғарылайды.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрайымы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнәз Ахметованың айтуынша, конференцияның Батыс Қазақстан өңірінде ұйымдастырылуы тегін емес. Смарт-технология жөнінен батысқазақстандық бөлімше 17 филиалдың ішінде жетекші орында. Сол себепті өзге өңірлерден қатысушылар мұндағы тәжірибемен танысып, өз ұсыныстарымен бөліссе, еш артық емес. Қазіргі таңда мұғалімдер оқу үдерісінде смарт-технологияны, сандық білім беру ресурстарын қолдана білсе, олар өз кезегінде мұны оқушыларға үйретеді. Жаңа оқулықтармен танысып, оларды смартфон арқылы да оқуға болады. Әдістемелік құралдар, онлайн-дәрістер де (онымен «Өрлеудің» сайты арқылы танысуға болады) жетерлік.
Конференцияда Германиядағы вальдорф педагогикасының кураторы, Вальдорф мектебінде математика мен физика пәнін оқытудан тәжірибесі мол Александр Штольценбург өз еліндегі педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесіндегі жаңалықтар мен негізгі мәселелерді айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, оқушыларды смарт-технологиямен таныстырудың маңызы зор. Бірақ мұны тым ерте бастауға болмайды, яғни оқушының жас ерекшеліктерін де ескеру керек. Сондай-ақ өз елдерінде смарт-технологияның қолданылуы туралы ХАМК қолданбалы ғылымдар университетінің оқытушысы Санна Рухалахти (Финляндия) мен Сеул университетінен Гоу Сун Kвонның (Корея) бейнебаяндамалары да көпшілік назарына ұсынылды.
Конференция қарсаңында өңірдің педагог қызметкерлеріне арналған «Онлайн курстар» жобасы да іске қосылғанын айта кеткен жөн. Нәтижесінде 4 сағаттық бес онлайн курс түсіріліп, сайтқа орналастырылды. Алдағы уақытта осы курстарға облыс мұғалімдерін кезең-кезеңмен тарту көзделуде.
Конференция жұмыстары интерактивті жинақ ретінде жарық көрмек.
Дереккөзі: inform.kz