Өзектi

Қазақстанда тау-кен-металлургиялық кешенінің құзырет орталығы ашылады

22.04.2016

5930

Тау-кен-металлургиялық кешенінің құзырет орталығының құрылтай құжаттарына бүгін Астанада өтіп жатқан «MINEX Орталық Азия» тау-кен өнеркәсібі форумында «Инновациялық технологиялар паркі» автономиялық кластерлік қоры мен McKinsey халықаралық консалтингтік компаниялары қол қойды.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, аталған орталық индустрияның 4.0 жаңа технологиялары негізінде жылына 1200-ден астам маманды даярлайтын болады. Сонымен қатар McKinsey және бірнеше басқа компаниялармен бірге шикізатты терең өңдеуге бағытталған жаңа материалдар орталығын құру жоспарда бар, ол жоғары қосылған құн өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, «Инновациялық технологиялар паркі» автономиялық кластерлік қорының басқарма төрағасы Санжар Кеттебеков бастапқы кезеңде тау-кен металлургиялық құзыреті орталығында өңдеу фабрикасының өндірістік желісіндегі жұмыс моделі орнатылатындығын хабарлады.

«Студенттер үздік тәжірибелермен танысып қана қоймайды, сондай-ақ өндірістік желінің тиімділігін арттыру мақсатында оның жұмысын дербес реттей алатын болады. Болашақта біз тау-кен компанияларына кен өндіру тиімділігін арттыру модульдерін ұсынуды жоспралаудамыз», - деп атап өтті ол.

Орталықтың Автоматтандыру және терең талдау модулі биыл іске қосылады. Ол өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған терең талдаулар жүргізетін болады. Модуль іске қосылғаннан кейін өндірістерде қызмет көрсету және жөндеу құнын 20-30%-ға азайтуға, өндірістің өнімділігін 20-25%-ға арттыруға, іркілістер санын 35-45%-ға кемітуге мүмкіндік туады деп болжануда.

Оның үстіне Орталықта Қазақстанның тау-кен металлургиялық кешенінің мамандары даярланады, кейін олар бұл тәжірибені өз өндірістерінде енгізеді.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар