ШҚО-да Берелден табылған жәдігерлер жергілікті мұражайда көпшілік назарына ұсынылуда
«Берел» тарихи мәдени қорық мұражайына обалардан табылған жәдігерлерді қайтару қолға алынды, деп жазады облыстық «Дидар» газеті.
Берелдегі негізгі қазба жұмыстары 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында жүргізіле бастады. Ал мұражай 2008 жылы құрылды. Яғни, мұражай болмағандықтан табылған заттардың барлығы қазба жұмыстарымен айналысқан археологиялық институттың немесе республикамыздағы атақты мұражайлардың көрме залдарын толықтырып отырды.
«Соңғы жылдары Берелдегі тарихи ескерткіштер шетелдік туристердің де қызығушылығын арттыра түсті. Сондықтан «Берел» тарихи-мәдени қорық-мұражайының ұжымы келушілерге сөзбен айтып, қазылған обаларды көрсетіп қана отыру мүмкін еместігін атап көрсетіп, археологиялық институттарға жәдігерлерді қайтару жөнінде бірнеше рет ресми хаттар жолданды. Нәтиже жоқ емес. Белгілі археолог Зайнолла Самашевтың атсалысуымен Астана қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының филиалында сақтаулы тұрған бірқатар жәдігерлер мұражайымызға қайтарылды», - дейді «Берел» тарихи-мәдени қорық-мұражайының бөлім басшысы Алмас Сарбасов.
Арнайы комиссия жәдігерлердің тізімін де жасап қойды. Олардың ішінде ұзындығы 16,5 см болатын қоладан жасалған шеге, қола айна, тасқайрақ, әртүрлі асыл тастардан жасалған моншақтар, темір ауыздық, қоладан жасалған түйме, күміс және алтын фольгалардың қалдықтары сынды заттар бар. Қазіргі кезде осы археологиялық заттарды толығымен сақтау, қорғау және қалпына келтіру мақсатында қорық-мұражайдың көрме залы талаптарға сай қайта жабдықталуда. Алдағы мамыр айынан бастап мұражайдың көрме залы келушілерге толық қызмет көрсете алады.
Дереккөзі: inform.kz