Оңтүстік Қазақстан облысында колледж бітіруші түлектердің 97 пайызы жұмысқа орналасты. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент аграрлық колледжінің директоры Кенжехан Төлебаев хабарлады, деп жазады ontustik.gov.kz.
Шымкент аграрлық колледжі Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы саласына орта арнаулы кәсіптік мамандар дайындайтын базалық оқу орны. Мұнда аграрлық сала мамандары жаңа инновациялық әдіс-тәсілдермен оқытылып, сапалы білім алады.
«Біздің оқу орын ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп салаларына қажетті мамандықтарды оқытады. Өткен жылы бітіруші түлектердің 97 пайызы жұмысқа орналасты. Мамандарымыз сұраныста болған соң, жұмыссыз қалмайды. Жалпы, мұнда биыл 1373 студент 15 мамандық бойынша білім және тәрбие алуда. Сонымен қатар, жақын арада ет пен сүтті қайта өңдеу саласының дайындайтын мамандық енгізетін боламыз», - деді К.Төлебаев.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай аграрлы колледж біліктілігі жоғары мамандар даярлау үшін шетелдік серіктес компаниялармен бірлесе отырып, (SAIT (Канада), Pearson (Ұлыбритания), TAFE (Австрия), TVET (Ұлыбритания), GIZ (Германия), РКБИ (Беларусия), LD DIDACTIC Group (Германия), бірқатар шетелдік үздік колледждердің практикасын есепке алып, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізуді қолға алып отыр. Аталған колледждің материалдық-техникалық базамен толық жабдықталған.
Еске салайық, жақын күндері Оңтүстiк Қазақстан облыстық бiлiм басқармасына қарасты Шымкент аграрлық колледжi Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиевтiң бұйрығымен елiмiз бойынша үздiк деп танылған 10 колледждiң сапына енген болатын.
Жалпы облыста 90 колледж болса, оның 18-і ауыл шаруашылығы мамандығын дайындайтын орта білім беретін оқу ордалары.
Дереккөзі: inform.kz