Алматыда «Ы. Алтынсарин - 2016» пәндік олимпиадасының жеңімпаздары анықталды
Биыл ақпан айының соңында еліміз бойынша «Ы. Алтынсарин - 2016» пәндік олимпиадасы өткізілген болатын. Білім сайысының қорытындысы шықты. Осыған байланысты, Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде республикалық «Ы. Алтынсарин - 2016» пәндік Олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды. Бұл туралы аталған жоғары оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлады.
Олимпиаданың марапаттау рәсімін университет ректоры Динар Нөкетаева ашып, барша жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтады.
«Биыл республикалық деңгейде өткен «Ы. Алтынсарин-2016» пәндік олимпиадасына еліміздің барлық облыстарынан 3500-ге жуық оқушылар қатысты. 600-ге жуық қатысушы олимпиаданың деңгейінен өтіп, ҚазМемҚызПУ-нің оқу төлемақысына 10% жеңілдік құқығына ие болса, ректор грантына 24 оқушы ие болды», - деді Д. Нөкетаева.
Оқу орнының басшысы мектеп түлектеріне І дәрежелі дипломдарды табыс етті. Ал, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарды оқу орынның Бірінші проректоры Баходир Әлиев пен оқу ісі жөніндегі проректор Әділет Тойбаев табыстады.
Шара барысында Қыздар университетінің «Қос ипломды білім беру бағдарламасы» бойынша Миссисипи мемлекеттік университетін бітірген түлегі Севара Шахапова сөз сөйлеп, жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтады.
«Мектепте оқып жүргенде шет елде оқимын деген арман үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Алдыңа мақсат қойсаң бәрі де мүмкін екен. Екі диплом алуға мүмкіндік жасаға киелі қара шаңыраққа алғысым шексіз.
«Талпынған - жетер мұратқа» демекші, жақсы оқысаңыздар, талпынсаңыздар арман, мақсаттарыңызға жете аласыздар», - деді қазіргі таңда Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстаз болып жүрген университет түлегі С. Шахапова.
Шара қонақтары университеттің кампустарын, кітапхана мен спорт кешендерін аралап көріп, әр мамандық туралы, ұсынылатын жеңілдіктер туралы толық мағлұмат алды. Сондай-ақ, Наурыз мерекесіне арнап жайылған дастарханнан дәм татып, арнайы дайындалған көрме мен Наурыз мерекесіне арналған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Айта кетелік, орта мектептердің 11-ші сыныбының оқушы қыздары қатысып, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, дүниежүзі тарихы және химия пәндері бойынша бақтарын сынаған еді.
Әр пәнінен 1, 2, 3 орынды иеленген оқушы өзінің таңдаған пәні мамандығына сай келсе және ҰБТ-ға қажетті өту балын алған жағдайда шәкіртақысыз университет ректорының грантына ие болады. Ал, жүлделі орын алмағандарға, бірақ Олимпиаданың деңгейінен өткендерге ҚазМемҚызПУ-ға бірінші кезекте қабылдануға құқық беретін сертификаттар табыс етіліп, оқуға түсуге 10% жеңілдік жасалады. Олимпиада жұмысының максималды көрсеткіші - 100 балл.
Дереккөзі: inform.kz