Ғылыми жобаларды тәжірибелік, өнеркәсіптік деңгейге шығаруға 30 млн. доллар бөлінеді - ҚР БҒМ
Ғылыми жобаларды тәжірибелік, өнеркәсіптік деңгейге шығаруға 30 млн. доллар бөлінеді. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті. Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданған болатын.
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің айтуынша, өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы бірнеше құрамдастардан тұрады. Оның ішінде бірінші құрамдас аясында 30 млн. доллар бөлінеді, бұл инновациялық-енгізілетін жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
«Бұл үшін жүзге тарта жобалар іріктеліп алынады. Қаржыландыру сомасы 4 мың доллардан басталады болады. Ондағы мақсат - ғылыми жобаларды тәжірибелік, пилоттық, өнеркәсіптік өндірістік деңгейге шығару. Жобалар ЖОО-лар, зерттеу институттары мен инновациялық компаниялар арасында ашық конкурстар негізінде іріктеледі», - деді министр.
Оның айтуынша, тәуелсіз іріктеу мен одан кейінгі мониторингті қамтамасыз ету мақсатында ғылым мен коммерциялау жөніндегі халықаралық кеңес құрылады, оның құрамына бес шетелдік ғалымдар мен жергілікті өкілдер кіреді. Ал техникалық сараптамалар жүргізу жұмыстары Мемлекеттік ғылыми-сараптамалық орталық базасында жүзеге асырылады.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы
Дереккөзі: inform.kz