Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті педагогика факультетінің бір топ ғалымдары, профессор, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр, магистрлар Жанна Қадыржанова, Балжан Баймұқанова Уфа қаласында өткізілген халықаралық Еуразиялық гуманистік форумға барып қайтты.
Форум аясында «Мәдениет пен білім саласындағы Еуразия халықтары ағартушыларының гуманистік мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, шет елдерден, Ресейдің түкпір-түкпірінен келген ғалымдармен пікір алысты.
Пленарлық мәжілісте профессор Мұрат Бөкенбайұлы «Абайдың гуманистік мұрасы және қазақ қоғамындағы орыс тілінің рөлі» деген тақырыпта баяндама жасады. Бұл конференцияны РФ Білім және ғылым министрлігі, Башқұртстан Республикасы үкіметі, М.Ақмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті ұйымдастырған болатын.
Конференция екінші күні М.Ақмулла атындағы БМПУ-де жалғасын тапты. Профессор М.Б.Сабыр осындағы башқұрт филологиясы факультетінде «Қазақ тілі лексикалық қорының орта түркі лексикасымен сабақтастығы» тақырыбында дәріс оқып, «Namein Science» аталымымен марапатталды.
Уфа қаласында халықаралық форум аясында бірнеше конференциялар мен фестивальдар ұйымдастырылды. Орал қаласынан барған ғалымдар тобы Башқұрт мемлекеттік опера және балет театрында «Еуразия кеңістігіндегі орыс әдебиеті» атты әдеби-музыкалық кеште қонақта болып, «Күміс Ақбозат» атты этникалық және ұлттық кино халықаралық фестивалының ашылуына қатысты.
Тамыры бір, тарихы ортақ қазақ-башқұрт халықтары арасындағы достық байланыс бүгінде ғылым-білім саласындағы ынтымақтастыққа ұласқан. Уфа - ежелден білім-ғылым, ағарту орталығы. Осындағы Ғалия медресінде кезінде Ғұмар Қараш, Бейімбет Майлин сияқты қазақтың біртуар зиялылары білім алып, тұлға болып қалыптасқан еді. Бүгінде осы үрдіс жалғасуда. Уфа қаласының іргелі оқу орындарында білім алып жатқан қазақ жастары көп.
Профессор М.Сабыр БМПУ-нің басшылығымен кездесіп, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен М.Ақмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің арасындағы ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойысты. Келісімшарт аясында екі елдің, қос ЖОО-ның арасында байланыс аясы кеңейіп, академиялық ұтқырлық жалғасын таппақшы.
Дереккөзі: inform.kz