Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында техникалық мамандықтарды игеру мәселесіне баса назар аударып, қазіргі кезеңде ғылым мен инновацияның күні туғандығын атап өтті. Шын мәнісінде шапшаң қарқынмен күн санап өзгеріп жатқан жаһандану дәуірінде көштен қалмас үшін жаңа технологияларды меңгеріп, ғылым-білімнің озық жетістіктеріне қол созудың маңызы зор. Бұл туралы Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әліби Баяқов мәлім етті.
Оның айтуынша, Жолдауда көтерілген мәселелер бойынша университетте жоспар жасалып, нақты іс-шаралар қолға алынуда. Университеттің аты айтып тұрғанындай, мұнда заманауи мамандықтарға айрықша мән беріледі. Жастар техникалық мамандықтарды осында ғана меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарында білім ала алады. Мысалы, қазірдің өзінде отыздан астам жас өзара келісімге сәйкес Дубна қаласындағы халықаралық университеттің информатика, ақпараттық жүйе мамандықтары бойынша бакалавриат, магистратура бөлімдерінде білім алуда. Олар оқуын тәмамдағаннан кейін келісімшарт бойынша «ҚазИИТУ» білім-ғылым кешенінде жұмысқа орналасады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел экономикасының инновациялық әлеуетін арттыру, индустрияландыру бағытында көптеген шаралар атқарылуда. Жаңашылдықтан барлық оқу орындары тыс қалмауы керек. Мысалы, біздің студенттеріміз робот техникасы саласы бойынша да көп ізденіп, еңбектенуде. Бұл өз жемісін беруде. Олардың Сочи қаласында өткен халықаралық байқауда 362 команданың арасынан 12-орынды, Катар елінде 1700 команданың ішінен 18-орынды иеленуі осыған дәлел. Ең бастысы, Елбасымыз атап өткеніндей, жастарымыз ертең қиналмай жұмыс таба алатын, нарықта сұранысқа ие техникалық мамандықтарды игере білуі шарт», деп түйіндеді ойын Ә.Баяқов.
Автор: Елжан Ералы
Дереккөзі: inform.kz