Өзектi

Батысқазақстандық университет ректоры Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды

09.12.2015

5375

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы 3 желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстанда бекіре шаруашылығының ғылыми-техникалық негіздерін қалыптастыру және инфрақұрылымын жасау» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін бір топ авторлармен бірге Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, биология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Хабиболлаұлы Серғалиевке Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Университеттен түскен мәліметке қарағанда, 1989 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдаған Н.Х.Серғалиев 1994 жылы К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын агрономия мамандығы бойынша үздік бітірді. Одан кейін Бүкілресейлік тыңайтқыштар және агротопырақтану ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алды. 1998 жылдан бастап Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да бастапқыда аға оқытушы, кейін кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі бөлім жетекшісі, инкубациялық орталықтың және ғылыми зерттеу институтының директоры, университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық ынтымақ жөніндегі проректоры лауазымдарын абыроймен атқарды. Білім мен ғылым саласындағы еңбегі үшін «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2009 ж.), «ҚР-ның ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2010 ж.) төсбелгілерімен марапатталған. Енді Мемлекеттік сыйлықты иеленіп отырған Нұрлан Серғалиевті университеттің профессор-оқытушылар қауымы мен студенттер қызу құттықтауда.

Айта кетейік, Мемлекеттік сыйлықпен сондай-ақ «Плазманың кванттық және коллективтік қасиет­тері: жаңа технологиялардың теориялық негіздері» тақы­рыбындағы жұмыстар циклі үшін басқа да әріптестерімен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­теті экспе­рименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан облысының түлегі Мерлан Қылышұлы Досболаевтың да еңбегі аталып өтілді.

Автор: Елжан Ералы

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар