Өзектi

Жолдауда білім мен мамандық игеруге басымдық беруде үлкен мән жатыр - М. Жұрынов

08.12.2015

5389

Жолдауда білім мен мамандық игеруге басымдық беруде үлкен мән жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты кезекті Қазақстан халқына Жолдауына байланысты пікір білдірген
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов осылай деді.
«Экономиканы әртараптандыру, оны кең көлемде дамыту - кез келген мемлекетке тұрақтылық береді. Қазақстанға да солай. Сондықтан да, металлургияны, мұнай шығаруды ғана көздемей, экономиканың басқа да бағыттарын қолдау аса маңызды. Мәселен, мал шаруашылығын алсақ, қазақтың жерінің мүмкіндігі қандай? Дамыған араб елдерін алып қарасақ, ол елдердің жерінде құм мен тастан басқа ештеңе жоқ, бірақ шаруашылығы мығым. Бидайды, жеміс-жидектің түр-түрін өсіреді. Ал біздің бос жатқан Бетпақдаламыздың құнарлылығы олардың жерінен еселеп артық. Бұл Қазақстанның келешектегі мол мүмкіндігі», - дейді М. Жұрынов.

Академия басшысының айтуынша, Елбасы Жолдауында білім беру мен мамандықты игеруге басымдық беруінің өзінде да үлкен мән жатыр.

«Президент бірінші мамандықты игерем деушілерді тегін оқыту мәселесін айтты. Мемлекет бұл үшін қаржы бөледі. Оның қайтарымы да зор. Яғни, ендігіде жыл сайын мектеп пен жоғары оқу орнын бітіргендер жұмыссыздар сапын арттыра бермейді деген сөз. Олар қолына мамандық алады, ал оны алған жастар бекер отырмайды, жұмысты мамандығына сай іздейді. Осының өзі ел дамуына өз пайдасын тигізеді», - деді М. Жұрынов.

Бұдан бөлек, шетелдегі қаржыларды елімізге қайтару туралы мәселеге де тоқталған ғалым, бұның да ел дамуы үшін аса қажетті бастама екенін алға тартты.

«Кеңес одағындағы менталитет бойынша байлар қудаланды. Кейіннен демократиялық ел орнатқанымызға қарамастан, болашаққа сенбей қаражаттарын шетелге шығарғандар баршылық Енді Елбасы өзі кепілдік бергендей болып, олардың қаржысын елге әкелтуге шақырып отыр. Еліміздің байлығы шетелде қалмасын, өз еліне пайдасын тигізсін деп отыр. Осындай бастаманың бәрін де іске асырса, онда біз ешкімнен кем болмаймыз», - деді М. Жұрнов.

Оның айтуынша, Қазақстан халқы ешкімнен кем емес, керісінше бірқатар елдерден білімі, ілімі жағынан алда тұр.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар