Жаңа да жарқын идея, тиімді технолоия, бизнес ноу-хау, ғылыми жаңалықтың патенттері! Мұның бәрі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика-химиялық талдау әдістері инженерлік лабораториясында жүзеге асуда. Қызылорда мұнайлы аймақтың бірі. Жасыратыны жоқ, топыраққа мұнай төгілмей тұрмайды, ол бір, екіншіден, мұнай қалдықтарын осы кезге дейін тек өртеп келді. Ал, жергілікті ғалымдар, бүлінген топырақты тазалау мен мұнай қалдығын кәдеге асырудың экологиялық жағынан да тиімді жолын тауыпты.
Мұнайдан қалған қалдық, яғни мұнай шламын, кірпіш өндірісінде пайдалануға болады екен. Ол құрылыс материалының сапасын арттырады, бүгінде кірпіш жасауда көмір қосады, ол қымбат болғандықтан өнімнің өзіндік құнын көтеріп жібереді, ал шламды қосса, әрі арзан әрі сапалы өнім алуға болады дейді күн-түн демей тер төгіп жүрген ғалымдар, – деді физика-химиялық талдау әдістері инженерлік зертхана жетекшісі Нұрбол Аппазов.
Жастарды ғылымға тартуда Сыр елінде елеулі әрекеттер бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын жас ғалымдар альянсы құрылды. Нәтиже бар. Соның дәлелі – біраз жаңа ғылыми жобалар жасалып, тіпті патенттері де алынып қойылған. Құр идеямен ғана емес, сол ұтымды идеяны жүзеге асырып, ғылыммен айналысып жүрген өнертапқыштар шоғыры енді инвесторларды күтеді. Дебютті идеялардың дайын өнімдерге айналар күні алыс емес. Сырбойылық ғалымдардың серпінді, ноу –хау тұрғысындағы жарқын жобалары елдегі инвестициялық-инновациялық саясатқа да, жасыл экономика талабына да толық жауап береді. Олай болса, Қызылорданың Эйнштейндерін әлем танитын кез алыс емес.
Дереккөзі: kyzylordatv.kz