Елордада «Кәсіптік білім және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты VI қалалық форумы өтеді
19 қарашада елорданың Оқушылар сарайында Астана қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Кәсіптік білім және бизнес: Әріптестер сұхбаты» VI қалалық форумы өтеді.
Форум барысында Астана қаласының техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының қызмет бағыты бойынша «Көлік және коммуникация»; «Құрылыс, коммуналдық шаруашылық, техника»; «Service and maintenance»; «Білім беру және медицина»; «Экономика және құқықтану» тақырыптарында көрмелер ұйымдастырылады. Көрмеде Астана қаласының ұйымдары мен кәсіпорындарының әлеуметтік ынтымақтастығы, дуалды оқыту, халықаралық ынтымақтастығы дамыту жөнінде ақпараттар ұсынылады.
Шара кезінде Астана қалалық білім басқармасының басшысы Э.Суханбердиева, ҚР БҒМ Кәсіптік-техникалық және орта білімнен кейінгі білімді жаңғырту департаментінің директоры Д.Каленова, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғ.Тасмағанбетов, «Базис» құрылыс компаниясы» ЖШС ұйымдастырушылық дамыту және қызметкерлермен жұмыс істеу жөніндегі вице-президенті К.Төлендиева, «Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры О.Омар, «Кәсіпқор» Холдингі» КЕАҚ инвестициялық жобалар департаменті директорының орынбасары Ұ.Жармұхамедов сынды білікті мамандар баяндама оқиды деп күтілуде.
Қорытындысында сапалы кадрлар даярлау, әлеуметтік әріптестікті дамытудың болашағы мен көкейкесті мәселелері бойынша меморандум және тиісті келісімшарттарға қол қою жоспарланған.
Дереккөзі: inform.kz