Өзектi

Қызылордада «Ұлы даланың жасампаз жастары» атты жастар форумы өтті

13.11.2015

6597

Бүгін Қызылордада «Ұлы даланың жасампаз жастары» атты облыс жастарының ХІ форумы өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Халық қаһарманы», ғарышкер Айдын Айымбетов және белсенді жастар қатысты.
Форум қонақтары алдымен білімді оқушылардың инновациялық идеялары мен ғылыми жобаларының көрмесін тамашалады. Көрмеде Назарбаев зияткерлік мектебі мен облыстық дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатының, қаладағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен жас мамандары өздерінің тың жобаларын ұсынды.

- Әр жас азамат бабаларымыздың қасық қаны қалғанша қорғап, бізге аманат еткен байтақ даланы жуасы мен жусанын, өзені мен көлін, орманы мен тоғайын қастерлеуі тиіс. Біз көп айтатын қазақстандық патриотизм осы сезімнен бастау алады. Отан бізге не береді деп емес, біз Отанға не береміз дейтін кезең келді. Тәуелсіз еліміздің қуаты ең алдымен талапты жастардың білімімен өлшенеді. Сіздер егеменді еліміздің азат ойлы азаматысыздар, ұлттың келбеті, келешектің кемел көкжиегінің бастауысыздар. «Үдеудің сыры бірлікте, жүдеудің сыры алауыздықта», - деген болатын Елбасы. Сондықтан бірлігімізді бойтұмардай сақтай білсек, білімді де, білікті де, бақытты да боламыз. Ұлы даладағы мәңгілік елдің жастары жасампаз жобалардың алдында болсын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Қызылорда облысы республикада алғашқылардың бірі болып жастар саясатын жүргізу мақсатында арнайы Жол картасын қабылдаған аймақ. Жалпы сыр жастарының білім алып, спортпен шұғылдануларына, жан-жақты дамуларына қолдау зор. Оқуда озат 320 түлек Мәскеу мен Санкт-Петербургта оқып жатса, облыс әкімінің гранттары бойынша 300 түлекке еліміздің жоғарғы оқу орындарында білім алуларына жағдай жасалған. Ешбір облыста баламасы жоқ бұл жоба талай талапты жастың арманына қанат бітіргені сөзссіз.

- Менің ғарышқа сапарым ең әуелі Елбасының жемісі. Космосқа сапарымыз кезінде бесінші ғылыми бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев бастаған істің жалғасы. Тиісті жұмыстар толық орындалды. Енді бұл бағыт бойынша ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Елдің ертеңі сіздерсіздер, - деді ғарышкер Айдын Айымбетов.

Форум соңында аймағымыздың белсенді жастары мен жастар саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген қоғамдық ұйымдарды облыс әкімі Қ.Көшербаев пен Халық қаһарманы Айдын Айымбетов марапаттады.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар