Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті машина жасау факультетінің оқытушысы, жас ғалым Бақытжан Сәлімов Ресей фундаментальды зерттеу қоры ұйымдастырған ғылыми жобалар сайысында үздік атанып, грантқа ие болды.
Университеттен Айнұр Базарованың хабарлағанындай, Б.Сәлімов аталмыш байқауға «Жоғары жылдамдықты планетарлы диірменді механоактивациялық графитпен майлау, графенді құрылым түзілу арқылы пайдалану сипаттамасын арттыру тәсілдері» атты ғылыми еңбегімен қатысты. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ғылыми-зерттеу институты мен Тамбов мемлекеттік техникалық университетінің бірлескен жобасы өткен жыл аяғында ғылыми жобалар додасына түскен болатын. Көршілес мемлекеттердің өнертапқыштары бақ сынаған айтулы сында үздік атану тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбекті талап еткені айдан анық.
«Графен өндірісі елімізде кенжелеп қалғаны жасырын емес. Ал әлемге өз өнімдерімен танымал алпауыт компаниялар графенді пайдаланып, тұрмыс бұйымдарын шығара бастады. Тек тұрмыстық заттарға ғана емес, әрісі ғарыш, берісі машина жасау, мұнай-газ, байланыс салаларында қолданып жүрген кейбір металдарды графенмен алмастыру адам өміріне ғана емес, ел экономикасына да өте тиімді. Аталған салалардың бар бөлшектері сырттан келетіні жасырын емес. Ал өз елімізде өндірілген графен сапасы төмен, бұл өндірісті жолға қойсақ, қауіпсіздігі күмән келтіретін бұйымдардан арылуға мүмкіндік береді әрі ішкі нарық көлемі де арта түсер еді», - деді жас өнертапқыш Бақытжан Нұржанұлы.
Ғылым грантын иеленген магистр биылғы 10 қыркүйек пен 10 желтоқсан аралығында үш ай бойы Тамбов мемлекеттік университетінде профессор В.Ф.Першиннің жетекшілігімен өз жобасын жетілдіре түспек.
Дереккөзі: inform.kz