Өзектi

Айдын Айымбетовтің зерттеулері елімізге үлкен пайдасын тигізеді - Н.Назарбаев

14.09.2015

5306

Айдын Айымбетовтің ғарыштағы зерттеулері елімізге үлкен пайдасын тигізеді. Бұл туралы бүгін Астана әуежайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Союз ТМА-16М»
ғарыш кемесінің халықаралық экипажын қарсы алғаннан кейін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстан жерінде болғаннан кейін, біз ғарыштық мемлекеттердің қатарына кіреміз. Сонымен бірге еліміздің аспандағы жер серіктері бар. Оның барлығы тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Айдын ғарышқа бекер көтерілген жоқ, яғни ол ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сәйкесінше, бұл зерттеулердің бізге үлкен пайдасы бар», - деді Президент. Осы орайда Мемлекет басшысы дүниежүзінде екі жүзден астам мемлекет бар екенін, алайда олардың басым бөлігінде өздерінің ғарышкерлерін ұшыруға мүмкіндіктері жоқ екенін атап өтті. «Сондықтан да ғылыми жағынан, техникалық өркендеу тұрғысында ғарыштық зерттеулермен айналысқан өте дұрыс. Біз Ресеймен осы жұмысты ары қарай жалғастыра беретін боламыз. Бұл бағыттағы шығын ғылыми зерттеулермен Қазақстанның атағы үшін қайтып келеді деп санаймын», - деп түйіндеді Н. Назарбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін таңертең Геннадий Падалка (Ресейғарыш), қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, сондай-ақ Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен Қазақстанда есептелген аудан маңына аман-есен қонды. Жоспар бойынша 06:51-де Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 146 км қашықтықта Жерге сәтті қонған ғарышкерлер Астанаға салтанатты қарсы алу шарасына аттанды.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар