Білім күні мерекесі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде салтанатты түрде атап өтілді. Шара барысында университет ректоры Динар Нөкетаева ардагер ұстаздар, ата-аналар мен жиналған қауымға жаңа оқу жылында тұсауы кесілетін жаңа Студенттер үйі, «Аққу» суға жүзу бассейні және «Ақ шатыр» жазғы ойын-сауық алаңын таныстырды.
Сахна төріне көтерілген Қыздар университетінің ректоры Д.Нөкетаева: «Күздің алғашқы күні біріміз мектеп табалдырығын жаңа аттап енді ғана әліппемен таныссақ, енді біріміз үлкен жауапкершілікпен бір сынып, бір топқа жетекші болып «Ұстаз» деген абыройлы атақты иеленіп, ардақты кәсіпті қолға алып отырмыз. Дәл бүгін ортамызға жүректері лүпілдеп, асқақ арман қуып, кеше ғана алтын ұя мектептерімен қоштасқан балауса жастар келіп отыр. Жаңа лек - жаңа леп! Әрбір жаңа оқу жылындағы жұмысты біз тың күш-қуатпен бастауымыз керек. Біздің қызметіміз - қателесуге болмайтын жауапты іс. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Еліміздің ертеңі - бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры - ұстаздардың қолында» дегені әрдайым жадымызда жатталып тұр. ҚР Тұңғыш Президентінің бұл сөзі педагог-ұстаздарға біріншіден үлкен сенім артса, екіншіден болашақ ұстаз ретінде ұрпақтың тәрбиесі, демек, елдің болашағы Сіздерге сеніп тапсырылады, үшіншіден бірегей тұлға, қасиетті есім ұстазға деген құрмет пен ықыластың ерекше екендігін білдіреді», - деп, барша қауымды Білім күні мерекесімен құттықтап, оқу орнының жетістіктерімен, жаңа оқу жылындағы жоспарларымен таныстырып өтті.
Қазіргі таңда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті - Ұлттық рейтинг бойынша педагогикалық ЖОО ішінде бірінші орынды иеленген ең үздік университет. 2015 жылы Ұлттық аккредитация агенттігінің қорытындысы бойынша Қыздар университеті Қазақстандағы 40 жетекші университеттің арасынан 7-орынға көтерілді. Сонымен қатар, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Ұлттық бизнес рейтингтің халықаралық рейтинг одағының шешімімен «Сала көшбасшысы - 2015» сертификатымен және «Сала көшбасшысы - 2015» қабырға медалімен марапатталды.
Отанымызға ұлт тәрбиесінің жаршысы болған білікті мамандар дайындауда көш бастап келе жатқан Қыздар университетінде бүгінгі күні 7 000-ға жуық жастар сапалы заманауи білім алуда, оларға 600-дей тәжірибелі ғалым-ұстаз дәріс оқиды.
Бұл оқу орнынан алған білім мен тәрбиенің жөні бөлек, жолы да ерек. Киелі шаңыраққа айналған Қыздар университеті біліммен қатар тәрбиеге де ерекше назар аударып, адамгершілік, имандылық инабаттылық, парасаттылық және ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарымызды бойларына сіңіріп келеді. Бүгінде Қыздар университеті тәрбие мәселелері бойынша елімізде ғылыми-әдістемелік орталық болып табылады.
Мерекелік шара аясында жиналған жұртқа университет аумағында бой көтерген, алдағы уақытта пайдалануға беріліп, тұсауы кесілетін 9 қабатты Студенттер үйі, «Аққу» суға жүзу бассейні және «Ақ шатыр» жазғы ойын-сауық алаңы таныстырылды. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін 450 орынға арналған жаңа Студенттер үйі Елбасының тапсырмасына орай студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне бағытталған «Студенттік баспана» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынса, 32 орындық жүзу бассейні жастардың денсаулығын жақсарту мақсатын көздейтін «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында бой көтерді. Үш нысан жақын күндері үкіметтік деңгейде ашылады деп күтілуде.
«Ақ шатыр» алаңына шыққан бірінші курс студенттері де өздерінің жүрекжарды ниеттерін білдіріп, «Баламасы жоқ университетке түскен» қуаныштарын жасыра алмады. Жиын барысында қазақ қыздарының тарихынан сыр шертетін құндылықтар мен университет ғалымдарының ғылыми жаңалықтарынан тұратын үлкен көрме білім ордасының тыныс-тіршілігін паш етті. Салтанат соңы аруларды құттықтап келген эстрада жұлдыздары мен университет өнерпаздарының концертіне ұласты.
Айта кетейік, биылғы жылы университетке 1630 бакалавр, магистрант, докторант оқуға түсті. Сонымен қатар, жоғары оқу орынға оқуға түсуге даярлайтын дайындық бөліміне 300 талапкер қабылданды.
Дереккөзі: inform.kz